«Алтын сапа» мен «Парыз» табысталды

Келесі жылдың алғашқы тоқсанында ауылды дамыту жөнінде тұжырымдама қабылданады.

Ал әкімдердің жұмысы кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасаумен бағаланады. Бизнес саласындағы заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізіледі.

Сөйтіп, 2024 жылдың басынан жаңа тәсілдерге көшеміз. Мұны Мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарын табыстады. Биылғы байқауға 281 кәсіпорын өтініш берген. Бірақ санаулының ғана баға жанды. Жалпы 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есеге өсті. Қазір ел экономикасының 34%-ке жуығы осы бизнестің үлесінде. Президент: "Алдағы жеті жылда кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін барлық кедергіні жоюға күш салынатынын болады, бизнесті өркендету үшін нақты шаралар қабылдана береді", – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері. Басынан бастап реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды. Үкімет бизнестің дамуына кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді. Экономиканың түрлі саласында жаңа реттеу саясатына сай келмейтін 6,5 мыңнан астам талап анықталды. Енді Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістерді жедел енгізуі керек. 2024 жылдың басынан бастап жаңа тәсілдерге іс жүзінде көшуіміз қажет.

Президент: "Агробизнес экономикалық дамудың тағы бір қозғаушы күшіне айналуға тиіс", – деді. Әрі күзгі жиын-терін науқанын сәтті аяқтаған шаруаларға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 млрд теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты. Ал диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 млрд теңге қаржы бөлінеді.