Астанада орталықтандырылған жылу желісіне қосылмаған үй бар

Бұл көпқабатты үйдің "Астанада орналасты" деген аты ғана болмаса, заты мүлдем сай келмейді.

Себебі орталықтандырылған жылу желісіне қосылмаған. Тұрғындар болса, сарайдан көмір тасып, самалдықта пеш жағады. "Бұл биыл ғана басталған проблема емес. 30 жылдан асты", – дейді осындағылар.

Иван Коншу, Астана қаласының тұрғыны:

- Мына жердің барлығы күл мен шаң. Қыс болған соң пешті күнде жағу керек қой. Негізі бұл пеш 300 шаршы метр аумақты жылытуға арналған. Сондықтан көпқабатты үйлердегі пәтерде қолдану өте қауіпті. Амал жоқтан балконда пеш жағып жүрміз.

Бұл үйде негізінен егде жастағылар тұрады. Жоғарғы қабаттарға көмір тасу қиын болғандықтан, кейбірі электр қазандықтарын пайдаланады. Есесіне тоқ үшін қомақты сома төлеуге тура келеді.

Раиса Волкова, Астана қаласының тұрғыны:

- Қыс мезгілінде біз 30-35 мыңнан төлейміз. Қазір жарық та қымбаттады. Осы айда 50 мыңның маңайында төлейтін шығармын. Қатты боран күндері жарық өшіп қалады. Сол кезде үйді жылыту өте қиын.

Бұл үйдің проблемасы тек жылу да ғана емес. Кәріз жүйесі де жоқ. Жертөлесі суға толып қалған. Тиісті мамандарды шақыртып тазалату мүмкін емес. Өйткені бұл үйде пәтер иелері кооперативі құрылмаған. Ешбір адам проблемалы баспанаға жауапты болғысы келмейді дейді тұрғындар. Қордаланған мәселелер 30 жыл төңірегінде неге шешілмей келе жатқандығын әкімдік өкілдері түсіндіре алмады. Тек орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға атқарушы билік міндетті емес екендігін айтады. 

Дархан Қабидолла, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының Тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

- Тұрғындар бұл үйдің мүлік иелері болып табылады. Бұл үйді күтіп, қараулары тиіс. Кәріз құбырын тұрғындар жеке кәсіпкерлермен келісімшарт бойынша істеулері керек және бұл агроқалашық жақта болғаннан кейін орталықтандырылған жылу қарастырылмаған. Тұрғындар тек газға қосыла алады.

Сайып келгенде тұрғындар үйлеріне газ тартуға тиіс. Инфрақұрылымға қажетті өзге құбырларды да өз есептерінен жасатуы керек. Бірақ бұл үйде тұратын зейнеткерлер оған ақшаны қайдан табады? Қаланың қарт тұрғындарына осы уайым.

Авторлары: Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев