Астанадағы жаңа үйлерде интернет сапасы нашар

Елімізде интернеттің сапасы сын көтермейді. Әсіресе Астанадағы жаңа үйлердің айналасында ғаламтор пайдалану мүмкін емес.

Елорда жұртшылығы осылай деп шулап жүр. Ал жауапты мамандар бұған тұрғындардың өздері кінәлі дейді. Сапасыз интернеттің себептері жөнінде толығырақ келесі бейнематериалда.

Міне интернет байланысы да жоқ. Такси шақырсаң да шақыра алмайсың, скорый шақырсаң да, шақыра алмайсың.

Қаламқас Көкеева Астананың төрінде отырып, өркениеттен жұрдаймыз деп налиды. Өйткені ұялы байланыс дұрыс істемейді, теледидар көрсетпейді, ал интернет жоқтығынан балалар онлайн сабақ оқи алмайды.

Қаламқас Көкеева, қала тұрғыны:

- Мына жақта кішкене проблемный үй ғой, су болмай қалады. Су болмай қалғанда мектептер істемей қалады. Балалар сабаққа бармай қалады. Сол кезде балалар үйде отырып, онлайн сабақ істеу керек болады. Істей алмаймыз сабақты. Cыртқы ортамен ешқандай байланысымыз жоқ болып отыр. Бір аралда тұратын сияқтымыз.

Ал операторлар тұтынушылармен пікірімен келіспейді. Олардың айтуынша, елдегі интернет жақсы. Ал тарифтер бүкіл әлем елдерімен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді.

Евгений Настрадин, байланыс компаниясының бас атқарушы директоры:

youtube.com//Digital Bridge 2022

- Астанадағы жаңа үйлердің бәрінде мобильді байланыс жоқ. Қаланың бас жоспарында ол жоқ. Өйткені қала әкімдігі оны жоспарламайды, ал тұрғындар базалық станцияны қойғанды қаламайды, бас тартады. Бізге мобильді байланысқа қажет қондырғыны алдыртуға 3 ай кетеді. Ал оны қою үшін рұқсат алуға 9 ай кетеді. Сонда бір жыл бойы мемелкеттік органдардың табалдырығын тоздырып, рұқсат алуға уақыт қажет. 

Мамандар интернеттің сапасы кейде тұтынушылардың өзіне байланысты екенін айтады. Яғни, ғимараттардың төбесіне базалық станцияларды орнату керек. Ал ол үшін заңнамадағы талаптарды жеңілдету қажет. Бірақ, қазір халық қарсы болса, құрылғы орнатылмайды. Ал, жұрт көбіне көп ондай стансалардың қойылуына келіспей жатады. Бұл интернеттің сапасына кері әсер етеді екен.

Евгения Бекболатова, байланыс компаниясының қоғаммен байланыс директоры:

- Бұл күрделі жоспардан тұратын технологиялық процес. Оны кез келген жерге қою мүмкін емес. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бар. Мұндайда бір ғана тұрғынның ғимараттың төбесіне базалық станция орнатуға тыйым салуы жеткілікті. Бұл үлкен қалалар ішінде желіні дамытуға кедергі келтіреді.

Дегенмен келер жылдан бастап қазақстандықтардың «сапалы интернет» туралы қарапайым арманы орындалуы мүмкін. Жауапты министрлік алдағы екі айда «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жасамақ. Бірақ...

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- 2024 жылы  мен әрбір азаматқа бір гигабиттік интернетті жасаймын деп уәде бере алмаймын. Бірақ бүгінгі стандарттарға сай 2 жылдың ішінде барлық жұмыстарды жүргіземіз және де 5 мгеабиттік, 10 мегабиттік жылдамдық әрбір азаматқа қамтамасыз етілетін болады. Бірақ ауылдық деңгейлерде, мынау 200 тұрғыннан төмен деңгейде, біз ондай уәде бере алмаймыз. Ол жерге біз спутниктік технологиялар арқылы интернет береміз.

Бұдан былай құрылыс компаниялары барлық коммуникациялармен бірге мобильді интернет базалық станциясын орнатуға міндеттелуі мүмкін. Тиісті құжатқа осындай өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр. Егер жаңа нормалар қабылданса, бұл мобильді байланысқа қажет базалық стансаларды үйдің құрылысы кезеңінде орнатуға мүмкіндік береді.

Азиза Закумбаева, Ғазиза Мұхамеджанова