Полицейлер Алакөл жағалауындағы демалыс орнын қайтаруды сұрап отыр

Абай облысының полицейлері Алакөл жағалауындағы демалыс орнын  қайтаруды сұрап отыр. 

Бұл  демалыс базасы бұрын полиция басқармасына тиесілі болған. Кейін балалар шипажайы салынатын болып, нысан басқаның балансына өткен. Бірақ, жоба сол күйі іске аспай қалды. Тәртіп сақшылары  бұл  өтінішті ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа айтты. Облыста сауықтыру орны болса, басқа өңірлерге сабылмас едік дейді олар. Өңірге сапары кезінде министр тұрғындармен де кездесіп, сауалдарына жауап берді. Кездесуде көтерілген барлық мәселенің назарда болатынын жеткізді. 

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Бұл әшейін ұпай жинау үшін жасалып отырған сапар емес. Өңірдегі біздің салаға қатысты өткір деген мәселелерді арнайы тыңдауға келдік. Осыдан соң арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, кейін келгенде сол бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын саралап, баяндайтын боламыз.