loader


Таяқ жегенімен жанұядағы жанжалды сыртқа шығармау оңтүстікте жиі кездеседі

«Ел не дейді?» деген таным-түсінік отбасылық зорлық-зомбылықтың алғышарты дейді мамандар.

Сондықтан көптеген отбасы жанұядағы жанжалды сыртқа шығармай, таяққа жығылса да көнуге тырысады. Әсіресе бұндай жағдай дәстүрге берік оңтүстік өңірде жиі кездеседі. 

Өз-өзіне қол жұмсауға бекінген мына 39 жастағы келіншек 5 баланың анасы. Басынан өткен қиын жағдайды бізге баяндап беруге келіскенімен бет-жүзін көрсетпеуді өтінді. Төле би ауданының тұрғыны шаңырақтың шаттығы бұзылып, сенімге селкеу түсуіне жолдасының қызғаншақтығы мен ішкілікке құмарлығы себеп болды,-дейді. Екеуінің де тұрақты жұмысы болмаған.       

«Ішіп келіп, «анау бүйтіп айтып жатыр, сен кінәлісің». «Андайсың», өзі жұмысы жоқ. Не өзі істемейді, не маған жұмыс істетпейді. Бір жерге барсам, 10 минуттан кейін артымнан барып, ұрып сол жерде. Жұмысқа барсам да сондай. Бәрін істеп көрдім негізінде. Дәрі де ішпекші болдым, кеспекші де болдым, асылмақшы да болдым».

Өрімдей келіншек өз өмірін қиюға бірнеше рет әрекет жасапты. Бірақ балалары көріп қалған. Осы уақытқа дейін пәтер жағалап, тұрмыс тауқыметін тартқан ол биыл баспаналы болғанын айтады. Бірақ күйеуі сонда да маза бермеген соң ажырасып тынған. Алайда ол әрекеті де қиындықтан құтқара алмапты. Себебі қызғаншақ күйеу қыр-соңынан қалмаған. Амалсыз құзырлы органға хабар берген. 

Ақмарал Боташева, аудандық ПБ жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

- Бір ай бұрын келіп, қайта-қайта мазалап жүргеннен кейін бұл «өмірден түңілдім» деп, 20 таблетка парацетамол ішкен. Дер кезінде ауруханаға апарып, асқазанын шайып, солай шешілді ол тірлік. Қанша полиция шақырғанымен күйеуіне шағым жазбаған. Бұл жолғысында мен жаздырдым. Бірақ оның өзінде де қорғау нұсқамаға жазып берді. 30 күн бойы біздің бақылауда болады. Ол кезде де келіп, мазалап жатса ары қарай біз сотқа жүгінуімізге тура келеді.

Қазір зорлық-зомбылыққа ұшыраған келіншекке аудандық орталық аурухананың психологтары көмек көрсетіп жатыр. 

Зарина Құлжанова, аудандық орталық аурухананың аға психологы:

- Психологиялық тұрғыда өздерін бағалауы төмен болып келеді. Одан кейін өз-өзіне қол жұмсауға бейімдеу болады. Сол кезде біз сұхбат жүргізіп, психасессияларды өткізіп, сол жағдайдан шығаруға тырысамыз. 

Аудан орталығында отбасында зәбір көрген жандар уақытша паналайтын орталық ашылған. Мұнда келгендерге мамандар 10 күн бойы кеңес береді. Тараптарды татуластыруға тырысады. 

Қуанышбек Омаров, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметінің сектор меңгерушісі:

- Он күннің ішінде біз шығарып, не үйіне қайтарамыз, не ажырастырамыз. Өкінішке орай ондай отбасылар да болады. Еш көмектесе алмайтын отбасылар болады амал жоқ. Біз жыл басынан бері 2 отбасын ажырастырдық.

Ауданда отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған түсіндіру жұмыстарына түрлі сала мамандары атсалысады. Оның ішінде «Аналар» кеңесі де бар.

Айдаркүл Рақышева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы:

- Ананы да кінәлай бермейік. Балаға бір кездерде уақыты жетпеуі де мүмкін. Тура жолға емес, басқа жолға түсіп кету, арақ ішу, ескірткіге жақындау деген сияқты. Тек аналар, әжелер ғана емес, аталар, әкелер деген мектеп болса, үй жағдайды айтып, анадай болып жатыр, соны тоқтатайық деген әңгімені қозғап отырсақ үлкен жұмыс болар еді. 

Түркістан облысында жыл басынан бері отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 41 қылмыс жасалған. 3900-ден астам тұрғын қорғау нұсқамасына алынып, 552 азаматқа ерекше талап қойылған. Осыған сәйкес облыста жыл басынан бері тәртіп сақшыларының қатысуымен түрлі акциялар өтіп жатыр. Алайда мамандар тұрғындар отбасындағы зорлық-зомбылықты жасырып қалмай, тиісті орындарға дер кезінде хабарламайынша – бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екенін айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ...