Шымкент тұрғындары түтінге тұншығып отыр

Шымкенттегі Бадам тұрғын үйлер алабын жағымсыз иіс жайлап, тұрғындар түтінге тұншығып отыр.

Ауылға іргелес орналасқан зауыт-фабрикалар алты жылдан бері ауаны ластап жатыр, дейді наразы жұрт. Халық арасында түрлі ауру көбейіп кеткен. Ең сорақысы, тұрғындардың шағымынан соң кәсіпорын түнде жұмыс істейтін болған.

- Мен мысалы хронический бронхитпін. Далаға вообще шыға алмаймын. Шығып, дем алсам обострение береді.

75 жастағы Зейнаш Қалыбекова үшін сыртқа шығып таза ауамен тыныстау мұң болды. Өйткені зауыттан шыққан жағымсыз иістен тыныс жолының созылмалы ауруына шалдығыпты. Сондықтан қысы-жазы үйде отыруға мәжбүрмін дейді.

Зейнаш Қалыбекова, қала тұрғыны:

- Кешқұрым сыртқа шықсам нефтеперегонныйдың иісі келеді. Кәдімгі бензиннің иісі келеді. Одан кейін жел тұрса мынау кариерден шаң келеді. Мына терезелердің бәрі шаңға толып, жаппасаң үйдің ішінің бәрі шаңға толады.

Бадам - 2 тұрғын алабының өзінде үш мыңға жуық халық тұрады. Индустриалды аймақтан шыққан жағымсыз иіс жел тұрса ауаға тарап, тынысымызды тарылтты,- дейді олар. Ал қардың көбесі сөгілсе, көшеде жүрудің өзі қиын. Сорақысы сол жұрт ұйқыға бас қойғанда зауыттан будақтаған түтін өрши түседі деп наразы.

Әбдіманап Мәкенов, қала тұрғыны:

- Тексеру келген кезде бәрін өшіріп қояды ғой олар. Жұмыс істемей қояды. Олар кеткеннен кейін қайтадан бастайды. Түтін, иіс ешқайда кетпейді. Бәрі біздің ауылға ұрып жатыр. Біздің ауыл ойпатта. Ауру көбейіп кеткеннен кейін соған алаңдап отырмыз.

Сондай-ақ халық арасынан құрылған қоғамдық ұйым өкілдері де экологиялық апаттың салдарына алаңдаулы. Олар біршама елдімекенде санитарлық талаптар сақталмай отыр,-дейді. Белсенді топ жергілікті жұрттың пікірін саралап, тиісті заң жобасына ұсыныстар әзірлепті.

Қайрат Кәрібаев, қоғамдық ұйым өкілі:

- Экологиялық зардап шегіп отырған бірнеше мөлтек аудан халқымен сөйлестік. Бадам-1, Бадам-2, Қарабастау. Осы 2-3 тұрғын алапта 15 мыңдай халық тұрады. Өкінішке орай өздеріңіз көріп отырғандай көп мәселелер жабық күйінде қалып кетіп жатыр. Ал енді осы миллиондап, миллиардтап тауып жатқан экологиялық эмиссиялар қайда кетіп жатыр!? Бұл ақша сол жергілікті халықтың пайдасына шешілмесе...

Экологтар тұрғындардың шағымынан соң аймаққа жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін айтады. Жыл басынан бері өңірдегі өндіріс орындарына 173 әкімшілік іс қозғалған. Сот шешімімен 10 мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылыпты.

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаменті басшысының м.а.:

- Сол арыздардың негізінде металургиялық зауыттар бар, тері өңдеу зауыттары бар және медициналық қалдықтарды жағатын мекемелер бар. Солардың барлығына жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Қазіргі уақытта заң бұзушылықтар анықталған мекемелердің барлығы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық баптарымен жауапкершілікке тартылды.

Биыл қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындарға 57 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бірақ әкімшілік жазамен экологиялық мәселелер жөнге келе қоймады, дейді жұрт. Сондықтан қатаң шаралар қабылдап, мәселені оңтайлы шешіп берсін деп отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов