Ақтаудан Екібастұзға көмек жөнелтілді

Ақтаулықтар Екібастұз тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Біз адамбыз - біз біргеміз» атты қайырымдылық қор мүшелері қыста жылусыз қалғандарға жәрдемдесуді сұрап, әлеуметтік желілерге хабарлама жазған. Аз уақытта волонтерлер штабының жертөлесі балалар және ересектердің қыстық киімдері, жылытқыш құралдар мен көрпе-төсекке лық толды. Студенттер жиналған заттарды сұрыптап, қапшықтарға салуға атсалысқан. Еріктілердің айтуынша, Екібастұзға жіберілген бұйымдардың басым бөлігі бұрын қолданыста болмаған.

Иман Досмұхамбетов, қайырымдылық қор директоры:

- Қала тұрғындары бізге хабарласып, қандай заттар қажеттігін сұрады. Кей күндері 50-ден аса адам келіп, әртүрлі бұйымдарды әкеліп тастады. Гуманитарлық жүкті Екібастұзға жіберуге облыс әкімдігі 2 жүк көлігін бөлді. Біз ол жақта жағдайдың әлі де болса қиын екенін түсінеміз. Енді азық-түлік пен ыдыс-аяқ жіберуді шештік.