Қостанай облысында жұмыртқа бағасын негізсіз көтергені үшін құс фабрикасы тергеуге алынды

Жұмыртқа бағасын негізсіз көтергені үшін Қостанай облысында құс фабрикасы тергеуге алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын күзде өзге бәсекелестері 35 теңгеден сатқан жұмыртқаның көтерме құнын 45-47 теңгеге бағалаған. Осылайша аймақтағы сұраныстың елу процентін өтеп отырған кәсіпорын нарықтағы басымдығын пайдаланған болуы мүмкін. Құс фабрикасының бәсекелестік туралы заң талаптарына қаншалықты қайшы әрекет еткені тергеу барысында анықталады. Жалпы былтыр екі бірдей құс фабрикасының жұмысында кәсіпкерлік кодексін бұзу белгілері анықталған.

Дастан Сәмен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы:

- Заң бойынша тергеу үш ай жүргізіледі. Бір ескеретін жайт, біз соңғы инстанция емеспіз. Құқық бұзушылық табылған жағдайда материал сотқа жіберіледі. Егер бұзушылық анықталса, тапқан табысынан бес пайызы таза табысы тәркіленеді.