БҚО-да Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау күшейтіледі

Батысқазақстандық волонтерлер республика бойынша көшбасшылар қатарында, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Аймаққа іс сапармен барған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Серік Егізбаев осылай деді. Өңірде 8 мыңға жуық ерікті ақпараттық, әдістемелік және ресурстық бағытта белсенділік танытып келеді. Президенттің орталық мемлекеттік орган басшыларына жыл сайын халықпен кездесу өткізу туралы берген тапсырмасына сәйкес, вице-министр Жайық жұрты алдында есеп берді. Алдымен Бәйтерек ауданының орталығында болып, саладағы ілкімді істермен қатар іркілістерге тоқталды. Мәселен, министрліктен әр жыл сайын бөлінетін 600-ден астам гранттың батысқазақстандықтарға тиген үлесі аз. Вице-министр бұл орайда жергілікті атқарушы органдарға түсінік жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Серік Егізбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

- Азаматтық қоғам саясаты, ақпараттандыру саясаты, дін бағыты бар, этнос аралық бағыттар бар бізде. Сол бағыттағы сұрақтар қойылды. Әсіресе, жастардан көп сұрақ түсті. Жастардың жағдайлары туралы, соның ішінде әлеуметтік жағдайлар туралы. Соның бәріне толыққанды жауап бердік, деп ойлаймыз.