Шымкентте жер телімдері мемлекетке қайтарылады

Шымкентте мемлекет қажеті үшін тұрғындарға тиесілі жер телімдерін қайтару ісі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды жоба Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосуды көздейді. Жергілікті атқарушы билік құрылыстың бесінші кезеңінде Сәуле шағын ауданындағы екі жүзден астам үйді мемлекет меншігіне өткізбек. Жоба құны 32 млрд теңгеге жуықтады. Жалпы 6 қозғалыс жолағы бар күре жол 18 шақырымды қамтиды. Бұған дейін қала аумағында тағы 93 учаске қайтарылған. Мұнда негізінен кәсіпкерлік нысандары орналасқан еді. Жол құрылысы осыдан төрт жыл бұрын басталды. «Шағын аудан аумағын мемлекет қажетіне қайтару ісі созбалаңға салынбаса, жол 2024 жылы дайын болуға тиіс», – дейді сала мамандары. Ірі магистраль шаһардың солтүстік бөлігі мен оңтүстік аумағын жалғайды.

Өмір Қалыбаев, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Сәуле шағын ауданында негізінен жеке тұрғын үйлер орналасқан. Ондағы халық жол құрылысы үшін қайтарылуы тиіс аумақпен жақсы таныс. Қай үйдің сүрілетінін, қайсы бір үй бұл тізімге кірмейтіні белгіленген. Тіпті бағалау жұмыстары да жүрді. Егер тұрғындармен келісімге келу қиындаса тәртіп бойынша сотқа жүгінеміз.