Мемлекет мамандардың білім сапасын арттыруға мүдделі

Ол үшін кәсіптік біліктілік туралы заң әзірленіп, Мәжілістің қарауына жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжат қабылданса, қазіргідей түрлі курстардан өтіп алып, емін-еркін жұмыс істеуге мүмкіндік болмайды. Еңбек нарығында тағы қандай өзгеріс бар?  Әріптесім Гүлзия Нақыпқызы анықтап көрді.  

Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жаратын онлайн курстар мен нутрицолог, диетолог, психологтар қаптап кетті. Бірі пайдалы кәсіби ақпарат берсе, екіншісі елдің шақшадай басын шарадай етіп әлек. Сондай жалған маманға Жанна Сарбасова да ұрыныпты. 6 ай бойы логомедке қаржы құйып, 7 жастағы баласының тіліндегі мүкісін жөндемек болады.

Жанна Сарбасова, қала тұрғыны:

- Ұзақ уақыт бойы біз логопед іздедік, шынымды айтсам, арзанырақ болса деп қарастырдым. Қазір 5 мыңнан төмен қызмет көрсететін маман жоқ. Бір логопедті тауып, 6 ай бойы кеңесін алдық. Ешқандай нәтиже болмады. Ақшам желге ұшты. Сонымен амалым қалмай ем жүргізуі қымбат маманға жүгіндім. Баламды қазір қайтадан оқытып жатыр. Тіпті бұрынғы логопедтің жасатқан техникаларын көріп қазіргі дәрігер жағасын ұстады.

Қазір білікті маман табу қиын. Психолог Зарина Штеер осындай пікірде. Себебі өзінің оқыған саласында, психологияға немқұрайлы қарап 10 күндік курстарды оқып, кәсіби маманмын дейтіндер көбейген.

Зарина Штеер, психолог:

- Бізде психологияны қадағалайтын орган жоқ. Науқастың жағдайын толық түсініп бағалай алмайтын жалған мамандарға тұсау болмай тұр. Олардың адам түйсігінде жасаған орасан зор қателіктерін біздер, яғни дипломды мамандар түзеп отырамыз. Бірақ бұл баланың ойыншығы емес, жалған маманның кесірінен адамдар соңында тіпті психиатрға жүгінуге мәжбүр болуы мүмкін. 

Еңбек нарығы – серпінді сала. Кейбір кәсіптер жойылып кетіп олардың орнына басқалары келеді. Бұл ретте мамандықтардың мазмұны да өзгереді. Осыған байланысты Кәсіптік біліктілік туралы заң қабылдануы мүмкін. Қазір құжат мәжілістің қарауында жатыр.

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ Жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Егер заң қабылданса арнайы сертификаттау орталықтары ашылады. Кімнен қандай курс оқыса да ол адам жұмысын жалғастыру үшін сол орталыққа келіп біліктілігін растауға міндетті болады. Әсіресе адам денсаулығы мен өміріне жауапты мамандар заң аясындбіліктілігін растауы тиіс. Және жұмысқа орналасу үшін де мамандарға осы сертификаттаудан өту де ұтымды болады.

Қазір көптеген адамдар білімді өз бетінше, онлайн режимде игеруге ынталы. Бұл – уақыт талабы. Дегенмен азаматтар болашақта тиісті орталықтарда кәсіптік біліктілігінің бар екендігін растайтын құжатты ала алады. Және оны жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пайдалана алады,-дейді жауаптылар.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Аружан Шуақбай