Бейсен Құранбек атындағы шығармашылық байқау қорытындыланды

Жетісу облысында Бейсен Құранбек атындағы шығармашылық байқау қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық Білім басқармасы ұйытқы болған шараға 200-ден аса оқушы қатысты. 50 бала  облыстық кезеңге өтті. Бейсен Абайұлының өмірі мен еңбек жолын қамтыған шығармаларды қазылар алқасы сараптады. Нәтижесінде «Үздік ток шоу», «Үздік шығарма», «Үздік репортаж», «Үздік арнау» аталымдары бойынша 24 оқушы марапатталды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге қаржылай сертификат табысталды. Байқау үшінші жыл қатарынан өткізіліп, Бейсен Абайұлының туған күнінде өз мәресіне жетті. Көзі тірі болғанда танымал тележүргізуші 51 жасқа толар еді. Телевизия саласында өзіндік із қалдырған майталман журналистің республикалық арналарда еңбек етіп, алыс-жақын шетелден ақпарат таратқаны ел жадында. Шара адамгершілікті ту еткен тұлғаның өмірін насихаттау, жасөспірімдерді шығармашылыққа баулу мақсатында ұйымдастырылды.

Нұрзада Иса, Б. Құранбек атындағы байқау жеңімпазы:

 - Өзімнің шығармамды жазар алдында ол кісінің өмірбаянын оқып, «Бейсен және Болмыс» кітабын қарадым. Сол кісінің бойындағы қасиетке арнап шығармамды жаздым. Бізге қазіргі жас буынға үлгі тұтарлық кісі деп ойлаймын.

Әміре Әрін, Қазақстанның Құрметті журналисі:

 - Елдің рухын көтеру жолында жасындай жарқырап өмірден өткен Бейсен Құранбектің өмірін насихаттау – ол жастар тәрбиесіндегі үлкен шаруа. Бейсен өмірден өтсе де, оның рухы, жалынды ісі «Жаңа Қазақстан» үшін қызмет етіп жатыр деп айтар едім.