Семейде автобустардағы жанармай қатып жатыр

Семейдегі қоғамдық көліктер қақаған қыста жаздық жанармаймен жүр.

Сол себепті жүруінен тоқтауы көп. Мамандар мұның себебін жанармайдың қатып қалуымен байланыстырады. Ал жолаушылар аялдамаларда автобусты сағаттап күтіп, далада тұр.   

Семейде соңғы апта бойы аяз кәріне мініп тұр. 30 градус суықта автобус күтіп дірдектеген халық шыдамның да шегі бар деп налиды:

БЛИЦ:

- Дала суық аяз 17 вапще журмейді 17, 17-ге сенім жоқ көрсетіді қарап отырам міне жоқ қазір.

- Автобустар қазір мына аязда аз келіп жүр, вот например пересадкой еду.

Қазір қоғамдық көліктердің жартысы ғана желіде жүр. Яғни, 330 автобустың тек 150 шақтысы ғана. Кешке қарай жағдай тіпті қиындап кетеді.   

Айтқали Көркембаев, жүргізуші:

- 12 бағытта жүрген автобус, міне, жаңа ғана желіден шығып кеттім. Сапасыз жанармайды жұтып қояды да сөніп қалады. Ал адамдар аялдамаларына жете алмай шағым айтып жатыр. Көлік оталмай қалған соң амал жоқ, жолаушылардың бәрін түсіруге тура келді. 

Автопарктегілер автобустардың көбі жаздық жанармаймен жүргенін айтады. Оған себеп – қысқы дизель отыны тым қымбатқа түседі екен. Бірақ, мынадай аязда қысқы отынның да сапасы сыр беруі мүмкін,- дейді мамандар.    

Николай Чнегов, "Семавтопарк" және "Автотранссемей" ЖШС заңгері:

- Біз қазір дизель отынын 260 теңгеден сатып алып отырмыз. Ал қысқы отынның құны 290 теңгеге шығады әрі кез-келген жанармай құю бекеттерінде табыла бермейді. Сонымен бірге 20 градустық аязда ол отынның да тиімділігі нөлге тең болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сол себепті қысқы отынды кең көлемде қолдануды қажет деп санамадық.   

Тығырықтан шығудың бір жолы жанармай отынын сұйылтуға арналған түрлі химиялық қоспаларды пайдалану, дейді сарапшылар. Бірақ автопарк иелері оны да қымбатсынып отыр. Ал әкімдіктегілер жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарға жұмыртқадан жүн қырықпай, жұртшылыққа сапалы қызмет етуді ұсынып отыр.  

Айжан Жұманова, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда қаладағы жолаушы тасымалымен 3 бірдей кәсіпорын айналысады. Оларға біздің бөлім тарапынан қысқы дизель отынын пайдалану қажеттігі жөнінде хат жолданды. 

Әкімдіктен тағы бір білгеніміз – қала бойынша 38 бағытта қатынайтын әлеуметтік маңызға ие автобустарға субсидия төленеді екен. Аталған бағыттағы көліктер қысқы отынмен жүргендіктен, әзірге тоқтай қойған жоқ... 

Талғат Серікқалиұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Сондай-ақ...