Астанада дәстүрлі қысқы қайырымдылық бал өтті

Ангус бұқасы 15 млн теңгеге сатылды. Бұл елордада өткен дәстүрлі қысқы қайырымдылық балдың қорытындысы.

Айта кету керек, кештен түскен барлық қаражат "Болашақ" корпоративтік қорының инклюзивті білім беру мен дарынды жастарды қолдауға арналған жобаларын қолдауға жұмсалады. Жомарт жандардың басын қосқан қайырымдылық бал жайлы тілшіміз баяндасын.

Дәстүрлі қайырымдылық балы пандемия кезіндегі үзілістен кейін қайта жанданды. Бұл шараның басты маңыздылығы – ол меценаттардың басын қосып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету. 

Алмас Құдайберген, "Болашақ" корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

- Ең соңғы рет 2019 жылы өткіздік. Сол кезде осы спонсорлар болсын, меценаттар болсын сол аукционда 1 млн долларға дейін жиналды. Ол ақшаны қайда жаратамыз? Ол ақшаны осы Қазақстанда мектептердің қасында инклюзивті кабинеттер бар. Сол Қазақстанның 22 қаласында 44 кабинет аштық.

"Болашақ" корпоративтік қоры қысқы қайырымдылық балды осымен 10-мәрте ұйымдастырып отыр. Меценаттардан бөлек бұл шараның көркін бал биі аша түсетіндігінде айтып кету керек. 

Диас Мырзалиев, бал дебютанты:

- Осы бал туралы мен студент кезімнен білетінмін. Осы жолы кастинг ашылған соң дәл сол кезде жазылдым, шақырған кезде бардым.

Сондай-ақ, бұл кеште дәстүрлі аукцион өткізіліп, бағалы заттар сатылды. Ең қымбат шыққан лот – ол ангус тұқымды бұқа болды. Қалталы азамат ірі қараны 15 млн теңгеге сатып алды. Ал "Дос-Мұқасан" ансамблінің негізін қалаушысы Досым Сүлеевтің гитарасы мен топтың алғашқы хиттері жазылған винил күйтабағы 11 миллион теңгеге сатылды. Саудадан түскен қаржының барлығы қайырымдылыққа жұмсалады. Жалпы бұндай кештің ұйымдастырылуына 150-ден астам демеуші мен серіктес қолдау көрсетеді. 

Жұмажан Қалтаев, "A-EVENT KZ" компаниясының құрылтайшысы мен директоры:

- Тұрақты түрде демеушіміз. A-EVENT KZ компаниясы техникалық жағынан көмектесеміз.

Жалпы осы жолғы қайырымдылық балының қорытындысы бойынша 80 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл ақшаның барлығы да "Әр бала мектепке баруға лайықты" және "Жол жүру гранттары" әлеуметтік жобаларына бағытталатын болады.

Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев