Алматыда адам құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

«Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы ашықтыққа кедергі келтіреді әрі адам құқықтарын бұзады».

Сарапшылар осылай дейді. Сондықтан бұл дертке қарсы іс-қимыл шаралары адам құқықтары стандарттарына сәйкес болуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында да адам құқықтарын заңдастыру көзделген. Бүгін Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен халықаралық сарапшылар кездесіп адам құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады. 

Елімізде жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің 70 проценті превентивті механизмдерге негізделген, дейді мамандар. Яғни алдын алуды көздейді. Оның кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру маңызды. Бұл мақсатта халықпен тығыз жұмыс жүргізілуде. Нәтиже де жоқ емес. Соңғы үш жылда елімізде тұрмыстық жемқорлық азайған.  

Қанат Сәлімбаев, Алматы қ. сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі таңда біздің ведомствоның негізгі мақсаты қылмысты болдырмауға тиісті деңгейде іс-шара қолдану деп есептеледі. Соған байланысты жыл басында Президенттің жарлығымен 22-26 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты концепциясы қабылданған болатын.

Дегенмен, тәжірибені жетілдіру артық болмайды. Ортақ пікірталас алаңында бас қосқан халықаралық сарапшылар адам құқықтарын сақтау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзара байланысына назар аударып, тиімді әдістерді ортаға салды.

Патрик Доля, Париж әкімшілік сотының экс-судьясы (Франция):

- Мен сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін құрылған Еуропа прокуратурасы туралы айтар едім. Ұлттық орган құру өте маңызды болды. Еуропалық прокуратура америкалық ФБР-дың баламасы іспетті. Сыбайлас жемқорлық бір мемлекет шеңберінде емес, көбінесе халықаралық алаяқтық және қаржылық қылмыстармен байланысты. Сондықтан бұл бірге тергеу жүргізуде маңызды.

Айта кетейік, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа және қаржы жымқыруға қарсы күрес бойынша негізгі халықаралық конвенцияларға қосылған. Бұл активтерді қайтару және жемқорларды елге алдыру сияқты маңызды жұмыстарды күшейтеді.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов