Оралда жолдың жаяу жүргіншілер өтетін тұсында шам орнатыла бастады

Оралда жолдың жаяу жүргіншілер өтетін тұсында жарық шамдары орнатыла бастады.

Мұндағы мақсат түнгі мезгілде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазір қалада жүргіншілерге арналған 500-ге тарта жол бар екен. Бірақ басым бөлігінде жарық мүлде жоқ.  Өзекті мәселе «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында шешімін таппақ.

Жарықпен мүлде қамтылмаған қараңғы көшелер көп. Бұдан бірінші кезекте жаяулар зардап шегеді. Көліктегілерге де оңай емес. Әсіресе көктем мен күз айларында қиын. Қазір мектеп пен балабақшалар аумағына мынадай диодты жарық шамдары қойылып жатыр. 

БЛИЦ: 

Жаңабай Дәуқара, қала тұрғыны:

- Осындай пешеход көбейсін. Көрініп тұрады әйтеуір. Водительдерге де көрінеді ғой, жарық болып тұрады.

Гүлсім Демеуова, қала тұрғыны:    

- Осындай қараңғыда, балалармен келе жатқанда, мына жерде мектеп осындай жақсы. Негізі осы жер жақсы, енді осындай қаланың ішінде осындай көп болса ол деген безопасностьқа пайдалы болады енді.

 Қала бойынша жаяу жүргіншілерге арналған 500-ге жуық жол өтпесінің басым бөлігінде жарық шамы жоқ. Қала билігі өзекті мәселені «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында шешпек ниетте.

Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 184 жерде диодты жарық шамын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 76 миллион теңге бөлінді. Жарық шамдарымен бірінші кезекте «Ескі әуежай», «екінші жұмысшы» кенті, «құрылысшы» шағынауданы мен қаланың орталық көшелері қамтылады. 

Жол таңбаларына жарық жақсы түссе апатты оқиғалар да азаяды, дейді тәртіп сақшылары. Мәселен, жарықпен жеткілікті қамтылмаған Айтқұлов көшесінде жол-көлік апаты жиі тіркеледі екен. Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында жүзден аса жаяу жүргіншіні көлік қағып, 11 өңір тұрғыны мерт болған.   

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов