Атырауда Маруся Асаубаева атындағы креатив орталығы ашылды

Бүгін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде елге белгілі іскер әйел, қоғам қайраткері Маруся Асаубаева атындағы креатив орталығының ашылу салтанатты өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Іс-шараға мұнай-газ саласының ардагерлері, зиялы қауым, өңірдегі отандық ІТ-компания өкілдері қатысты.

Маруся Асаубаева – ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқан белгілі кәсіпкер. Қоғам қайраткері өмірінің соңына дейін қайырымдылықтан қол үзбеген. Бүгін ашылған креатив орталығы да жастардың болашағына бағытталып отыр. Мұнда студенттер мен мектеп оқушылары тегін кіре алады.

Елжан Асаубаев, Маруся Асаубаева қорының төрағасы:

- Бүгін – біз үшін өте маңызды күн. Маруся Асаубаеваның туған жерінде оның атындағы креатив орталығының ашылуы – маңызы зор іс-шара деп есептеймін. Бұл орталық – елдегі энергетика саласының өркендеуіне жол ашады деген үміттемін. Маруся Асаубаева қоры бұл орталық жұмысына қолдау көрсетуге әркез дайын.

Маруся Асаубаева атындағы креатив орталығы енді облыстық, республикалық форумдар, конференциялар ұйымдастыруды қолға алмақ. Сондай-ақ мұндағы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ғылыми кітапхана қоры орналасқан. Маркетинг және рекрутинг бөлімдерінің кеңселері де бар. 650 орындық конференц-зал да үлкен мерекелік іс-шаралар өткізуге оңтайлы орын.

Гүлзада Шакуликова, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры:

- Бұл орталықта талантты жастарды, тек қана университеттің ғана емес, жалпы өңірдің, мектептің оқушыларының таланттарын байқап, оларға бүкіл жағдай жасалады деп сенеміз. Біздің алдымызға қойған мақсат – Атырау өңіріндегі таланттарды демеп, таланттарға күш беріп, оларға жағдай жасау.

Кратив орталығы еліміздің энергетика секторында ғылымды, цифрландыруды тиімді дамытуды мақсат етеді. Өңірге ірі инвесторларды тарту мәселесімен де айналыспақ. Қоғамда эко-мәдениетті қалыптастыру да – орталықтың негізгі міндеттерінің бірі.