Елімізде әр отбасының жеке цифрлық картасы болады

Елімізде әр отбасының жеке цифрлық картасы болады. Онда белгіленген көрсеткіштер негізінде отбасының әлеуметтік жағдайы анықталып, мемлекеттік қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан адам және ғаламшарға арналған цифрлық шешімдер тақырыбындағы конференцияда айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, цифрлық картаны жасауда отбасының экономикалық және әлеуметтік жағдайы, денсаулық, білім және баспанамен қамтылуы негізге алынады. Осы 5 бағыт бойынша отбасының портреті жасалып, қандай санатқа жататыны анықталады. Демек әл-ауқаты оңтайлы, қанағаттанарлық, осал, дағдарыс жағдайындағы және шұғыл көмек керек отбасы болып бөлінеді. Кімге қандай қолдау қарастырылғанын жүйе автоматты түрде анықтайды.

Ербол Оспанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Біз пилот ретінде 1-ші қыркүйектен бастап іске асырдық. 50 мыңнан астам азаматқа СМС жібердік. Сізге мемлекет тарапынан мынандай жәрдемақы алуға құқығыңыз бар деген. Осы күнге дейін шамамен 20 мың отбасы мемлекеттік қолдауға ие болып, үйінен шықпай осы қызметті алды. Шалғай ауылдағы азаматтар өзінің құқын біле бермейді. Сол цифрлық карта соларды бағалап, проактивтер сол азаматтарға қызмет көрсету бірінші кезекте.