Қызылорда облысы кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

Қызылорда облысының Шиелі ауданында жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлікке арналған 457 жоба мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай қолдауға ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың жалпы құны 2 миллиард 790 миллион теңгені құраған.  Бүгінде бұл ауданда 6 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Солардың бірі - жуырда ғана ашылған кондитерлік және жартылай дайын өнім шығаратын шағын цех 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.

Гүлзия кондитерлік тәттілерде әуелі үйінде аз көлемде жасап үйренген. Мұнысы көпшілікке ұнапты. Уақыт өте сүраныс та артқан. Тапсырыстар көптеп түсе бастағаннан кейін, шағын цех ашуды жөн санайды. Бүгінде бұл цехта тәттілердің түр-түрі дайындалады. Өнімді көршілес аудандар мен облыс орталығынан келіп сатып алатындар да бар екен.

Гүлзия Мұратбекқызы, кәсіпкер

- Өзім онлайн мастер-кластар арқылы және Ақтау қаласына жақында барып үйреніп келдім. Біріншіден кішкентай балаларыма туған күніне торт жасап, бірте-бірте ағайын-туыстарға ұнады, сосын көрші-қолаң жәймендеп жасап жатқан дүнием ұнағасын осы кәсіпке біртіндеп көшіп кеттік.

Гүлзия 4 баланың анасы. Заңгер. Алайда мамандығы бойынша істеген жұмысына төленетін еңбекақы бала-шағаны асырауға аздық еткен. Сондықтан қолынан келетін істі кәсіпке айналдырып, табасын еселеуді көздепті. Қазір бұл шағын цехта 7 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар жартылай фабрикатталған өнімдерді де тапсырысқа орай орындайды.

Мария Бәйтенова, Шиелі кентінің тұрғыны:

- Жартылай фабрикаттар қолдың пельмені, таза пельмен, алса болады әдемі. Манты, тефтели, котлет, әсіп. Сосын бұқтырма дегенді ішекқарынан істеп жатырмыз.

Алдағы жылдары ауданда жалпы құны 8 млрд теңгеден асатын 31 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Осылайша 381 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.