Елімізде әскери полиция өкілеттігі кеңейтілуі мүмкін

Заң жобасын Мәжілісте Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен құжат авторлары «қызметкер» сөзін ауыстыру қажеттігін айтты. Алайда депутаттар заң жобасын сынның астына алды.

Олардың айтуынша, бұл - қазіргі заңның көшірмесі. Мәжілісмендер әскери полиция органдарының қызметі шашыраңқы, алдына нақты міндеттерді қоя алмайды және заң жобасында азаматтық қоғаммен өзара байланыс тәртібі көрсетілмеген деп сынады.

Депутат Аманғали Бердалин құжат мәтінін қарапайым адамға түсіну қиын екенін айтты.

Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасындағы нормаларды жеткізу стилінің сапасы сын көтермейді. Мәселен, 11 баптың 14 тармағында әскерилерді гауптвахтада ұстау тәртібі туралы жазылған. Гауптвахтаның не екенін көпшілік білмейді. Мұны қарапайым адам бірден түсіне қоймайды. Әскери полиция қызметін зерделей келе, қамаудағы әскерилерді күзету және ұстау міндеттемелері жөнінде жазылғанын кейін түсіндік. Заң жобасын авторлары сауатты дайындай алмаған.