Қызылорда облысында желтоқсаншылар рухына тағзым етті

Осыдан 36 жыл бұрын тоталитарлық әміршілік жүйеге қарсы шыққан жастар жазықсыз жазаланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар ұлт тағдыры үшін ұрандаған еді. Алматыдағы алаңға шыққандардың қатарында 150-ден астам қызылордалық азамат болды. Біз әр кезеңде батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін мақтан етеміз,-деді облыс әкімі. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік-бәрінен қымбат» атты мақаласында 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура 5 жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор деген еді. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек деп атап өтті.

Шараға қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, боздақтардың рухына құран бағышталды.

Аманбай Қанетов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Бұл ешқашан естен кетпейді. Қазіргі басты мақсатымыз сол Жаңа Қазақстан деп жатырмыз ғой. Сол Жаңа Қазақстанның басты идеясы, басты бағыты, қағидасы – әділеттілік болуға тиісті. Сондықтан еліміз жайнай берсені.

Мұнан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев толықтай қайта жаңғыртудан өткен Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл оқу орнын заманауи талаптарға сай ету үшін, жеке инвестор 3 миллиард теңге қаржы жұмсаған.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев