Алматы әкімдігі Тәуелсіздік монументіне гүл қойды

Алматы – қазақ елінің егемендігі мен азаттығының жылнамасы басталған қала. Осыдан 31 жыл бұрын, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Бүгінгі айтулы мерекеде Алматы әкімдігі, ардагерлер, желтоқсаншылар мен жастар Тәуелсіздік монументіне гүл қойып, азаттық жолында құрбан болғандарды еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, биылғы Жолдауында «Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз», - деп атап өткен болатын.  Себебі, қазақ үшін азатттықтың қасиеті де, құны да жоғары. 1986 жылдың желтоқсанының желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерлігінің арқасында дербес мемлекет болып танылып, іргесі бөлек ел атандық.

Болат Құрымбаев, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Мағжан Жұмабаев айтқандай біз жастарға сенеміз осы жастар елді көтереді, экономикасын да алға алып шығады. Қазір ұрандатып қолмен емес, біліммен көтерілуіміз керек. Білімді жастар көп болса, біз әлі көтерілеміз деген ойымыз бар. Тәуелсіздіктің символына айналған монументке Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бастаған әкімдік өкілдері, ардагерлер, желтоқсан көтерілісінің өкілдері мен жастар гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті. Жиналғандар азаттық жолында қаза болған құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Марат Мажитов, генерал-майор:

- Біздің ата-бабамыз, еліміз халқымыз Тәуелсіздікке қашан қолымыз жетеді деп, міне соған жетіп бүгін 31 рет осыны тойлап жатырмыз. Біздің еліміз осы 31 жылдың ішінде қанша қиындықтардан өтті, ауыр кезде болды. Бірақ алдымызда бейбіт өмір бар. Еліміз ары қарай тыныш болсын, аспанымыз ашық болсын. Тәуелсіздігіміз ары қарай дами берсін.

Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, тұғыры бекем болсын, - дейді аға буын. Алтын арқау – жастарға аманат.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон