Атырау облысындағы ауыл басшысы республикалық байқауда үздік әкім атанды

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Сафон ауылдық округі көпке үлгі.

Тіршілігі балық шаруашылығына байланған елдімекенде 1800-ден астам тұрғын бар. Күн санап көркейіп келе жатқан ауылдың әкімі Роза Хамзаева биыл республикалық «Үздік әкім» байқауында облыс намысын қорғаған еді. Құрманғазы ауданына ат басын бұрған өңірдегі әріптесім ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Облыстағы «Үздік әкім» атанған Роза Хамзаева – Сафон елді мекенінде дүниеге келген. 2017 жылдан бері ауыл әкімі боп қызмет атқарады. Бүгінде ауылдың даму көрсеткіші жоғары. Мұндағы тұрғындардың дені балық шаруашылығымен айналысады. Ауыл адамдарымен етене жұмыс істейтін Роза Хамзаева «ең үздік әкім – халықтың алғысын алған әкім» дейді. 

Роза Хамзаева, Сафон ауылдық округінің әкімі:

- Ауыл әкімінің жұмысының негізгі бағалануы – бұл халықтың алғысын алу деп есептеймін. Біз үшін, ауыл әкімі үшін ең үлкен марапат - халықтың ризашылығы. Ауылымызда болып жатқан үлкен құрылыстар, барлық атқарылып жатқан игі жұмыстың бәрі халықтың сұранысы бойынша. Жалпы ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен үшін маңызды. Әрбір адамы мен үшін қымбат. Өзім осы ауылда туып өскеннен кейін туған ауылының көркеюіне күш жігерімді қосудамын. 

Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметке жастарды көбірек тарту қолға алынбақ. Соның ішінде ауылдық жерлерге жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Жергілікті басқарудағы жаңашылдықтың бірі – осы. Оқу орнын үздік аяқтаған студенттер енді ауылдық жерде өз тәжірибелерін шыңдайды. 

Ерлан Ермахамбетов, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:

- Мемлекеттік қызметке жастарды тарту мақсатында университетті жаңадан бітірген, жас мамандарды, GPI балы жоғары көрсеткішке ие болған жас студенттерді бірден конкурссыз ауылдық округтерге, жергілікті жерге жұмысқа алуға заңнамалық актілер тұрғысынан өзгерістерді енгізу жоспарлануда. Мемлекеттік қызметке тартымдылықты, оң имиджін арттыруды және жас маман үшін жергілікті жерде өз тәжірибесін шыңдауға септігін тизеді деген ойдамыз. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдардың көркеюіне күш салу керегін айтты. Жастардың жұмысты ауылдан бастауы да оң өзгеріс болары сөзсіз.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин