Ақтөбеде балалардың жол апатына ұшырауы тергеліп жатыр

Кеше жол апатына ұшыраған балалардың бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр.

Жағдайлары ауыр болғанмен, бірқалыпты. Үшеуі орташа халде, олар хирургия бөлімінде ем алады.

Ал олардың жаттықтырушысы әлі есін жиған жоқ. Балаларға медициналық көмек тәулік бойы көрсетіледі деп хабарлайды Ақтөбе облысының баспасөз қызметі. Жағдайды өңірдегі тілшіміз Әнуарбек Мырзатайұлынан білейік.

Жас спортшылар мінген жол көлік оқиғасы кеше Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тас жолында орын алған болатын. Полицияның хабарлауынша, салонында 11 адам болған тайота эстима маркалы машина аударылып түскен. Салдарынан сол жерде бір жасөспірім қаза тауып, сегізі түрлі дене жарақатымен Ақтөбедегі балалар ауруханасына түсті. Дәрігер түні бойы ота жасалғанын айтады. Себебі кейбірінің жарақаты ауыр болған. 

Рүстем Исаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта балалардың жағдайы ауыр-тұрақты. ИВЛ аппаратында жатыр. Гемадинамикалары тұрақты. Енді уақыт керек, аман-сау шығады деп ойлаймыз. Дәрі-дәрмек жеткілікті. бәрі аппаратура, бәрі мамандар бізде бар.

Ем алып жатқан балаларға қажетті көмек көрсету үшін қажір нақты шаралар қолға алынған. Арнайы медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек жеткізілуде. Тіпті қажет болса, Астана мен Алматыдан да жоғары білікті мамандар әкелу көзделіп отыр. 

Ержан Байтанаев, облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары:

- Осы мәселеге байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен шұғыл комиссия құрылып, қазіргі уақытта тергеу-тексеру амалдарының барлығы жүріп жатыр. Ата-аналардың өздері де қазіргі уақытта психологиялық көмек алды, дәрігерлермен кеңесіп, сөйлесіп отыр. Балаларын көру үшін реанимацияға не болмаса палатаға жіберіліп отыр.

Әзірге нақтысы 2010-2011 жылдары туылған жасөспірімдер облыс орталығында өтетін волейбол жарысына белгіленген күннен бір тәулікке кешігіп жолға шыққан. Олардың қасында бірге болған жаттықтырушы да қазір ауруханада жатыр. Ал көлік жүргізушісі қазір қамауға алынған. Орын алған жәйтқа олрай тергеу жүріп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов