ШҚО-да сегіз ауылдың тұрғыны газ берілуін күтіп отыр

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында сегіз ауылдың тұрғындары көгілдір отынды күтіп отыр.

Себебі екі мердігер компания арасында дау туып, өзара соттасып жатыр. Шешім шықпай, құбыр тартылмайды.  Бұл ауылдарға газ кіргізу жобасы осыдан 3 жыл бұрын әзірленген болатын. Тіпті мердігер компания да анықталды. Алайда жұрт күткен жоба сол күйі іске асырылмай келеді.

Газға байланысты сұрақ Зайсан ауданындағы сегіз  ауылдың тұрғындарын сергелдеңге салды. 2019 жылы ол елді мекендерге 96 шақырымдық көгілдір отын желісін тарту жобасы әзірленген еді. Биыл осы жұмыстар үшін 610 миллион теңге бөлінді. Ақпан айында жеңімпаз мердігер компания анықталды. Алайда конкурсқа қатысқан екінші компания, байқау шешіміне  қарсылық танытып, сотқа шағымданды. Осылайша екі құрылыс мекемесінің арасында дау басталып кетті.

Қуаныш Тұрсынханов, Зайсан ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күні  жоғары сотқа  аппелиациялық шағымға байланысты сот процестері қаралып жатыр. Сонымен қолымыз байланып осы газ мәселесін шеше алмай отырмыз.Әйтпесе осы ауыл тұрғындарына халыққа әлеуметтік жағынан көмегі өте зор еді.

Сонымен тараптар әлі соттасып жатыр. Ендеше сегіз ауылға газ тарту шаруасы біршама ұзарады деген сөз. Ал аудан орталығында жағдай басқаша. Әлия Өтеува көгілдір отынның қызығын көрдім бе, жоқ па деп отырған қуанышты тұрғындардың бірі. Талай жыл от жағып, күлмен алысып келе жатқан зейнеткер биыл ғана тыным тапты. Қазір шырпы жақса болды, шайын газ қайнатады. Тетікті бұраса болды, баспанасы жылып сала береді. Бұдан артық қандай рахат  керек, дейді ол.

Әлия Өтеуова, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Тоғыз жыл бойытостық, айналадағы жұрттың бәрі  газды пайдаланып рахатын көріп жатқанда біз көмір жағып жүрдік, ол көмір дұрыс та болмады.Қазір уф дедік, рахмет, осының игілігін көрсек деп отырмыз.

Зайсан қаласын газификациялаудың үшінші яғни соңғы кезеңінде 185 үйге  табиғи отын жетті. Тағы 86  жер үй салынады,олар да магистралға қосылады. Ал мына жерде осыған дейін көмірмен жұмыс істеп келген қазандық газ жүйесіне  қайта жабдықталып жатыр. Осы маңдағы ықшам ауданды табиғи отынмен қамтиды. Жабдықтың  барлығы шет елден әкелінген. Егер күтім жақсы болса модульды қазандық 15-25 жылға шыдас береді дейді  мамандар.

Эльдар Молдағұлов, монтаждау компаниясының өкілі:

- Былайша айтқанда, бүкіл жүйелерін қосып, ыстық су, суық су жылу беретін трубаларрын,тогын жүргізіп,газға байланысты соляркасына байланысты, жұмысын жүргізіп дайындап беріп жатырмыз.

Сонымен Зайсанның өз басын газбен қамтуда мәселе жоқ көрінеді. Табиғи отынмен қамтылған облыстағы жалғыз ауданның шалғай ауылдары ғана бұл өркениетке зәру боп отыр. Сартерек, Саржыра, Бақасу, Жарсу, Біржан Қуаныш, Көкжыра, Дайыр ауылдары екі мердігердің арасындағы соттың соңын сарыла күтуде. Егер осы елді мекендерге газ  тартылса, ауданда табиғи газжетпеген үш ауыл - Жаңатұрмыс, Тасбастау және Шілікті ғана қалады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов