Атырау облысында газ құбырындағы қысым төмендеп кетті

Атырау облысы, Мақат, Доссор кенттерінің тұрғындары табиғи газ желісіндегі қысымның нашарлап кеткенін айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Мақат ауданында орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Мұндағы 101 көп қабатты үй мен 40-қа тарта әлеуметтік нысан дербес қазандық арқылы жылытылады. Әзірге күн жылы болып тұр. «Аяз күшейсе жағдаймыз не болады», - деп алаңдайды кент тұрғындары. 

Біз аралап көрген 80 пәтерлік 3 үйдің тұрғындары газ қысымының төмен екенін айтады. Әр пәтерде қазандық дербес болғанымен газ желісі ортақ. Міне, сол орталық құбырда бір кінәрат бар ма деп күдіктенеді. 

Дербес қазандықтардың бір артықшылығы әркім өз қажетінше ғана табиғи газды пайдаланады. Әрі бағасы да арзан. Мұнда 70 шаршы метр баспана иесі айына орта есеппен 3-5 мың теңге төлейді екен. Сондықтан тұрғындар көгілдір отын берілген 20 жылдан бері орталық  жылу құбырынан өздері бас тартыпты. Тек биыл құбыр қысымы төмендеп, пәтерлер толық жылу ала алмай отыр. Бұл жағдайдан жергілікті хабардар. Бірақ олар алаңдауға негіз жоқ деп отыр.  

Жандарбек Сарбасов, аудандық тұрғын үй инспекциясының басшысы:

- Ол-үйлердің терезелерінің қапталуына байланысты. Үйдегі жылу батареяларының аз орналасуына да. Шаршы метріне белгіленген жылу батареясы болуы керек соны көбі түсінбейді. Қазандықтардың темперетурасы 80-90-ға келіп тұрады, бірақ үй жылымайды. Біздер газ шаруашылығымен байланыстамыз. Олар газ қысымы қалыпты деп отыр.

Көп қабатты үйлердегі дербес қазандықтар өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келе бермейді. Себебі жекеменшік секторлар өз алдына, көп қабатты үйлердің тұрғындары техникалық сараптамасыз өз бетімен газ қазандығын орнатып алған. Салдарынан ауданда оқыс оқиғаның 60-70% газ қондырғыларының себебінен болып отыр. Жылу маусымы басталғалы мамандар өрт ережесін сақтамаған 46 тұлғаны анықтап тиісті акт жасапты. Бірақ оларды газ желісінен айырып тастауға болмайды. Ал ауданға орталық жылу жүйесі тартыла ма, тартылса, оны қанша күту керек? Тап басып айту қиын.