Дәрігердің жазасы жеңілдей ме?

Абайсызда жасалған дәрігерлік қателік үшін жазаны жеңілдету қажет.

Кадр тапшылығын ескерсек, бұл шара жоғары білікті мамандардың салада қалуына көмектеседі. Осылай деген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният заңға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, елде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру көзделіп отыр. Жобаны Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Толығырақ тілші материалында.

Жыл сайын елде медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Кейінгі жылдары 70-тен астам хирург, акушер-гинеколог, анестезиолог, травматолог маман айыпталды. Осының салдарынан білікті дәрігерлердің саны азайып кеткен. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жұмыстан шеттетілген мамандардың мәселесіне де назар аударды. Айтуынша, медицина қызметкерлеріне қолданылатын жаза түрлерін жеңілдету қажет. Атап айтқанда, айыппұл мөлшерін азайтып, жазаны өтеу мерзімі мен «Бас бостандығынан айыру» санкциясын қайта қарау керек. 

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Ол дәрігерлерді қандай бір жауапкершіліктен алып кету емес. Өйткені дәрігерлер әрқашанда пациенттің өміріне жауапты. Басқа баптар бар заңда мысалы егер медиц көмек дұрыс көрсетілмеген болса, немесе тіпті көрсетілмеген болса, немесе біле тұра көрсетілмеген болса, ол қылмыстық жазасын өтейтін болады.

Бұдан былай медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі сақтандырылуы мүмкін. Яғни науқасқа келтірілген зиян үшін өтемақыны сақтандыру компаниясы төлейді. Орындалмаған жағдайда азаматтар сотқа жүгінуге құқылы. Сақтандыру жарнасының мөлшері қауіп дәрежесіне қарай белгіленеді. 

Серікболсын Темірханов, ҚР ДСМ Заң департаментінің директоры:

- Бұл бірінші кезекте біздің медиц қызметкерлердің абайсызда денсаулыққа зиян келтірілген жағдайда // келтірілген зиянды төлеуді қамтамасы етуге бағытталған. Құқығын қорғауға бағытталған. Және көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған деп есептейміз. 

Мамандар жазаны ізгілендіру мен сақтандыру институтын енгізу бір-бірімен сабақтас екенін айтады. Медицина маманы өзінің қорғауда екенін біледі ал науқастың сапалы қызмет алуға  сенімі артады.  Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы тағайындалады. «Үздік маман» мемлекеттік наградасы жыл сайынғы республикалық конкурс жеңімпаздарына табысталады.