Елде 1,5 миллион адам несиесін өтей алмай отыр

Қазақстанда экономикалық тұрғыдан белсенді 9 млнға жуық адам бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 7 млн-нан астамы несие рәсімдеген. Арасында қарызға белшеден батып, алған кредитін қайтара алмай жүргендер көп. Дәлірек айтсақ, дәл қазір шамамен 1,5 миллион адам берешегін өтей алмай отыр. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжатта қарызға белшеден батқандар өзін-өзі банкрот деп жариялауы үшін не істеу қажет екені айқындалды.

Ашығын айту керек, қарызға өмір сүріп жүрген қазақ көп. Қазір үйдегі тұрмыстық техникадан бастап дастархандағы тағамға да кредитке алып жүргендер бар. Жұртшылық қаражат қысса бірінші бауырға емес, банкке асығатын болды. Олар да қарызды жаны ашығаннан бермейтіні түсінікті. Еселеп, үстеме пайызымен береді. Тапқан табысы тамағынан артылмайтындар бұл пайызды қалай қайтарсын? Көпшіліктің көтеріп жүргені де осы мәселе. Кей тұрғындар шынымен алған қарызын қайтаруға дәрменсіз. Осы үшін мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жіберді.

Депуттардың айтуынша, банкроттықты рәсімдеудің үш түрі болады. Ең алғашқысы — соттан тыс рәсімдеу.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең бірінші талап, осы біздің азаматтардың өзінің жекеменшік мүлкі болмауы керек. Екіншіден осы қаржы ұйымдарының алдында бережағы 12 ай болу керек деген. Сонымен қатар, біздің АСП алып жүрген азаматтарымыз, олар да осы рәсімге жататын болады.

Соттан тыс банкроттықты рәсімдеу үшін жеке тұлға «электрондық үкіметке» жүгіне алады. Ал екінші рәсім – сот арқылы банкрот атану. Мұндай жағдайда борышкердің мүлкі сатылып, түскен қаражат қарызды өтеуге жұмсалады. Қалған несие кешіріледі. Бірақ кредиторлар борышкерді жалғыз баспанасынан айыра алмайды. Рәсімдеудің үшінші түрі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасы. Борышкер табысы мен мүлкі болған жағдайда қарызын өтеу жоспарын бес жылға дейін сот арқылы соза алады. Бұл үшін борышкер мен несие берушінің келісімі қажет.

Асқарбек Үйсімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер азамат банкрот деп танылған жағдайда ол өз міндеттемелерінен босатылады. Яғни орның қарыздары кешіріледі. Аталған жағдай міндеттемелерді орындаудан теріс ниетпенен жалтару, мүлікті жасыру тәуекелдеріне және борышкер тарапынан басқа да әрекеттер алып келуі мүмкін.

Иә, мұндай да қауіп бар. Дегенмен, жауаптылар заң жобасын жасау барысында 250 түзету енгізілгенін айтады. Осы арқылы, қарыздан негізсіз құтылатындарды тежей аламыз деген пікірде. Одан бөлек, банкрот атанған тұлғалар 5 жылға несие ала алмайды. Борышкердің елден шығуына тыйым салынады.