Шымкентте тұрғын үй кезегіндегі жетім балалар баспанасыз қалды

Шымкент қаласында тұрғын үй кезегіндегі жетім балалар баспанасыз қалды.

Бес азаматтың орнына сол санаттағы өзге алты адам жайғасып, пәтер кілтін қолына алған. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі осындай заңсыздықтарды әшкереледі. Шаһарда пәтер кезегіне ата-анасынан айрылған 1900 бала тіркелген. Бірақ біріңғай тізімде негізсіз кезек күткендер де табылды. Қоғамдық кеңес отырысында тұрғын үй басқармасына қатысты бұдан өзге де мониторинг нәтижелері жарияланды. Мамандар басқарма жұмысында ашықтықтың жоқтығын айтады. Жалпы бұл салаға жүргізілген тексеріс барысында жемқорлыққа жол ашатын 8 тәуекел анықталып, 15 ұсыным жолданған.

Алексей Колосков, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі алдын алу басқармасының басшысы:

- Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша тұрғын үй беру кезінде кезек сақтамаған. Мәселен 2012 жылдан бастап "жетім балалар" санатқа алынды.  Бірақ  №36, №37, №38, №40, № 41 кезекте тұрғандарға пәтер берілмей, № 42-48 кезекте тұрғандарға тұрғын үй үлестірілген. Мұндай жағдайлар аз емес.

Жанат Өтебаева, қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы:

 - Бұл кісі кезінде мемлекеттік қызметте болған. Кейін статусы жоғалып, бұл азамат мүмкіндігі шектеулі азаматтың статусына ауыстырылған. Бұл мәселе бойынша да агенттікке хат жолданып, аталған ұсыныс орындалды.