Талдықорғандағы журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілді

Арда азаматтың аты мекеме маңдайшасына жазылып, ескерткіш тақта орнатылды.

Естеріңізге сала кетейік, 11 мың шаршы метрлік ғимаратты салуға марқұм Бейсен Абайұлының өзі ұйытқы болған еді. Нысан пайдалануға берілгенде өзі де еңбек етіп, аймақта журналистика мектебін қалыптастырды. Қазір бес қабатты мекемені республикалық және облыстық арна қызметкерлері және мерзімді басылымдардың шығармашылық ұжымы пайдаланып, игілігін көріп отыр. Мұнда жиналыс өткізетін, тіпті спортпен шұғылданатын орын бар. Салтанатты шараға жиналған қаламгерлер ақпарат саласында айшықты із, өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға жайлы естеліктерін айтты.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Елдің сүйіспеншілігіне бөленген тұлға ретінде осы бүгін журналистер үйіне есімі берілуі барша Қазақстан, Жетісу облысы ғана батыс, шығыстағы ақпарат кеңістігіндегі жанкүйерлердің үлкен олжасы, қуанышы. Сондықтан құтты қайырлы болсын.

 Сонымен қатар «Қоғамдағы интелектуал журналистиканың қалыптасуы» атты аймақтық форум өтті. Онда қаламгерлер саланың қазіргі жағдайы, басылымдарға жазылу, газеттердің құрылтай меншігіне өтуі, журналистердің ауызбірлігі мен тұлға қалыптастыру мәселесі талқыланды.