Алматы әуежайында 7 миллионыншы жолаушыны қарсы алды

Бүгін Алматы халықаралық әуежайы 7 миллионыншы жолаушыны салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Астана қаласының тұрғыны Ақнұр Досмағамбетова. Астаналық тұрғын күйеуімен бірге отбасылық мерекені атап өту үшін Алматыға ұшып келген. Ақнұр Сәуленқызы қуанышты хабарды ұшақ бортында отырып, әуе лайнерінің экипажы хабарлаған кезде білген. «Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды», - дейді бақытты жолаушы. Ұшақ қонған соң әуежай өкілдері 7 миллионыншы жолаушыға Антальяға саяхатқа туристік сертификат табыс етті.

Айта кетейік, Алматы әуежайы қала тарихында алғаш рет бір жыл ішінде осындай көп жолаушылар легін қабылдады. Бұған дейінгі рекорд 2016 жылы тіркелген. Ол кезде әуежай бір жылда 6 млн жолаушыға қызмет көрсетті.

Ақнұр Досмағамбетова, Астана қаласының тұрғыны:

- Біз құдамыздың мерейтойына ұшып келгенбіз. Өзіміз Астанада тұрамыз. Алғашында, құдамыздың дайындаған тосынсыйы ма деп ойладық. Күтпеген қуаныш, әрине. Әуежай қызметкерлеріне үлкен рақмет! 

Қазіргі уақытта Алматы халықаралық әуежайын әлемнің 29 елінде қызмет ететін түріктің TAV Airports Holding компаниясы басқарады. Әуе айлағының өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында Алматыда жаңа жолаушылар терминалы салынуда. Ол 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңа терминал іске қосылса Алматы әуежайы жылына 14 млн жолаушыға қызмет көрсете алады.

Омюр Фатих, Алматы халықаралық әуежайының бас вице-президенті:

- 7 миллионыншы жолаушыны құттықтаймыз. Алматы әуежайы қазіргі уақытта ұшу қарқындылығының пандемияға дейінгі деңгейіне жеткен әлемдегі санаулы әуежайлардың бірі екенін атап өткім келеді. 2024 жылы жаңа терминалдың құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл нысан пайдалануға берілген соң қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарады деп уәде береміз.