Қостанай облысында орманды тазарту жұмыстары жалғасып жатыр

Қостанай облысында орман өртінің зардабын жоюға кемі 5 жыл уақыт қажет. Табиғи ресурстар басқармасының өкілдері осылай деді.

Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында Әулиекөл ауданында 40 мың гектар алқаптағы қайың мен қарағай күлге айналды. Мамандар өртенген аумақтың 5% күйген ағаштардан тазартпақ. Бірінші кезекте Алматы-Екатеринбург халықаралық тасжолының оталған жері қамтылады. Күзден бері трассаның 127 гектар жағалай аумағы аршылып, төрт гектардай жерге жас көшет егілді. Кесілген ағаштар кәдеге жаратылып, одан түскен қаржыны орман шаруашылықтарына экожүйені қалпына келтіруге беру көзделген.  

Гүлжанат Керібаева, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары?

- Өрттен келтірілген залал көлемі 4,6 млрд теңгеден асты. Қылмыстық іс әлі жалғасып жатыр. Түрлі нұсқалар болғанымен тілсіз жаудың ресми нақты себебі анықталған жоқ.