Семейде жолда қалып қойғандарға еріктілер клубының мүшелері көмектеседі

Қақаған қыста жолда қалып қойсаңыз ақысыз-пұлсыз көмекке келетін жандар бар.

Бұл Семейде «Колея» клубының мүшелері. Олар күн-түн демей жолаушыларға қызмет көрсетеді. Көліктері де сақадай сай.

Азамат Қасым, тілші:

- «Колея» деп аталатын клуб мүшелері 5 жылдан бері осылай жол талғамайтын көліктерге мініп, техникасы жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетеді. Ол үшін ешқандай ақы алмайды. Өздерінің айтуынша, негізінен қала сыртындағы жолаушыларға қол ұшын созады.

Қала сыртында көлігі бұзылып, клубтың жәрдеміне мұқтаж болған жолаушының бірі Евгения Павел. Семейдегі «Лидер КЗ» еріктілер қозғалысының жетекшісі бұл жігіттердің көмегіне бір емес, бірнеше мәрте жүгінгенін айтады.  

Евгения Павел, LIDER.KZ  еріктілер қозғалысының жетекшісі:

- Бірде біз суға кеткен жігітті іздеу үшін Новобаженово ауылына қарай жолға шықтық. Қайтарда екі бірдей көлігіміз сыр беріп, жүрмей қалды. Бірден клубтың мүшелеріне хабарластық. Бір сағатқа жетпей жедел  жетіп, көмек қолын созды.

Сексенге жуық мүшесі бар клубтағы жігіттердің мамандығы әртүрлі болғанымен, тілегі бір. Тәуліктің кез келген уақытына, шыңылтыр аязға, ат құлағы көрінбейтін боранға қарамастан қарға батқан, жолда қалған жандарға жәрдем беру.  Айта кетейік, олар қаладан 100 шақырым жердегі шақыруларға ғана барады.   

Виктор Шмаков, «Колея» клубының мүшесі:

- Өзіміздің шұғыл қызмет көрсетуге арналған ортақ чатымыз бар. Мәліметтің барлығын сонда жібереміз. Жәрдемге мұқтаж адамның тұрған жерін сонда жазамыз. Кем дегенде екі көлікпен барамыз. Өйткені, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Кейбір кісілер «қанша аласыздар?» деп сұрап жатады. Ештеңе де алмаймыз. Қызметіміз тегін.       

Асты биік, жол талғамайтын көліктерге мінген жігіттердің құрал-жабдықтары да әркез сақадай сай.    

Алексей Моисеенко, «Колея» клубының жетекшісі:

- Әрине біз «Джипке» мініп алып, құр жетіп бармаймыз. Құтқаруға қажет арнайы құралдарымыз бар. Қауіпсіздік ережесін де естен шығармаймыз. Өйткені, бұл оңай шаруа емес. Кейбір күрделі шақыруларға бірден бірнеше көлік жібереміз. Көлікте темір арқан, шығыр секілді құрал-жабдықтар міндетті түрде болуы керек. Біз Төтенше жағдай қызметкерлерін құрметтейміз, бірақ олармен тізе қосып жұмыс істемейміз, бәсекелес ретінде қарамаймыз.    

Клубтың құрылғанына 5 жыл толды. Еріктілер жаны қалаған жұмысты әрі қарай да жалғастыруға ниетті.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы