Елімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін заманауи кәсіпорындар қажет

Мәселен Батыс Қазақстан облысы нарығында сүт өнімдерінің басым бөлігі шетелден жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тауар өндірушілер әкімдіктен қолдау механизмін жетілдіруді сұрап отыр. «Сонда ғана импорт көлемін азайтуға мүмкіндік туар еді» дейді олар. Аймақтағы тілшіміз тақырыпты зерделеп көрді.

Махамбет ауылының тұрғыны Елдар Алиев сүт өндірісіне ден қойған. Ол жүзге жуық асыл тұқымды ірі қара бағып отыр. Қыс мезгілінде 25 сиыр сауады. «Әрқайсысынан тәулігіне 20 литр сүт аламыз» дейді фермер. Кейіпкеріміз айран, қаймақ, май, ірімшік өндіреді. Таза өнім түрлеріне сұраныс төмендеген емес.

Эльдар Алиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Мол өнім алу үшін мал азығына мән беру керек. Арпа, бидай, мақсары, жүгері қоры жеткілікті. Сүт өндірісі қысы-жазы тоқтаған емес. Сиырларды өзіміз сауамыз. Кішкентай ұлым да көмектеседі. Ауыл қалаға жақын орналасқан. Дайын өнімдерді бірден шаһарға апарып сатамыз.

Мамандардың мәліметінше, өңір нарығындағы сүт өнімдерінің 75%-і шетелден тасымалданады екен. «Егер жергілікті фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау шаралары күшейтілсе, импорт көлемін азайтуға қауқарымыз жетер еді» дейді шаруа.

Эльдар Алиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Сүт өндірісімен айналысатын шаруаларға жеңілдетілген несие берілсе және алғашқы екі жылға каникул ұсынылса құба-құп болар еді. Қазір сүттің әр литріне 20 теңге субсидия төленеді, бірақ ол үшін өнімді белгілі бір сүт-тауарлы фермаларға тапсыру керек екен. Ал ол кешендерде тауарды төмен бағамен алады. Сондықтан субсидия талаптары да тиімсіз болып тұр.

Облыста он жыл бұрын асыл тұқымды мал өсіретін 80 шақты агроқұрылым болса, қазір олардың қатары он есе көбейген. Әйткенмен шаруалардың көбі сүттен гөрі, ет өндірісіне ден қойып отыр. Былтыр өңірде «сүт және жасыл белдеу» тұжырымдамасы бекітілген. Жоба аясында шаруаларға жеңілдетілген несиелер ұсынып, жаңадан сүт-тауарлы фермалар салу жоспарланып отыр.

Арман Өтеғұлов, облыс әкімінің орынбасары

- Бұл – Ресей Федерациясынан, болмаса Беларусиядан келетін сүт өнімдерінің импортын азайту. Өзіміздің қаланың айналысында осы 4 пайыздық несие арқылы 6 сүт-тауарлы фермасын салу жоспарымызда бар. Келесі жылы бастаймыз. Бір-екі жылдың ішінде аяқталатын болады.

Соңғы үш жылда аймақта ауыл шаруашылығын қолдауға 61 млрд теңге жұмсалған. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда демеу қаржы көлемі ұлғайып келеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов