Петропавлда жаңажылдық көрме ашылды

Петропавлда жаңажылдық көрме ашылды. Театрға тек қана кеңестік кезеңнің шыны ойыншықтарымен безендірілген шыршалар қойылған.

Көздің жауын алатын коллекциядан сол заманның қуыршақтары мен қатар құттықтау хаттарын да көруге болады.

Өткен ғасырдың ескі ойыншықтары. Кеңестік кезеңде әр үйдің шыршасы осындай шыны бұйымдармен безендірілген. Бүгін олар сол заманның жаңа жылынан сыр шертіп тұр. 

Кирилл Мезенцев, мектеп оқушысы:

- Ескі ойыншықтар маған қатты ұнады. Әдемі көрінеді. Әсіресе, шыршаға ілінгендері қызық. Біздің үйде де шар тәріздес біреуі бар.

Ал мына қабырғаға ашықхаттар ілінген. Кеңестің кезеңде тұрғындар алыста тұратын жақындарын осылай құттықтаған.

Көрмеге 1 мыңға жуық ойыншық қойылған. Олардың ең көнесі 1936 жылы қағаздан жасалған мына бір құндақтарға бөленген балалар. Коллекция авторы – театр актрисасы Марина Залевская.

Юлия Скатова, экскурсия жүргізушісі:

- Оның осындай ойыншықтарды жинап жүргенін естіген жұрт бұйымдарымен бөлісе бастаған. Марина сынып қалғандарын өзі қалпына келтіреді. Бұрын коллекциясы үйде тұрса, биыл ел назарына шығарылды.

«Жаңа жылдық көрмеге ересектер де көп келеді», - дейді ұйымдастырушылар. Олар осы ойыншықтарға қарап өз балалық шағын еске алады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов