«Өскемен-Зайсан» әуе бағытындағы рейс саны артты

Жолаушылар тасымалы облыстық бюджет есебінен субсидияланып,  рейс саны  екі есе көбейтілді.

Сондай-ақ,  Зайсан әуежайы қайта жаңарғыртудан өтеді. Алғашқы жұмыстар басталып та кетті.

Өскемен- Зайсан бағытындағы  ұшақ әуеге көтерілді.  Ұзақтығы 1 сағат. Іші жолаушыға толы.Бірі құжат жұмыстарымен жүрсе, енді бірі туыс-туғанына бара жатыр. .Бақытжан Бейсенбаева  сіңілісі сырқаттанып, Өскеменге шұғыл келген болатын. Енді үйіне қайтып барады. 600-800 шақырымдағы Зайсанға таксимен жетудің азап екенін ол жақсы біледі.Сондықтан осы ұшақ қатынасы үзілмесе екен дейді.

Бақытжан Бейсенбаева жолаушы:

- Самолет жақсы нәрсе ғой,бір сағатта келесің, бір сағатта қайта ұшасың жұмысты да бітіресің, такисмен бәленбай сағат жүресің Ана жолы 11 сағат жүріп әрең жеттік. Самолет жақсы, жиі болса, рейстер көбейсе.

Такси демекші,жақында Бұқтырманы мұз үстімен төтелей кесіп өтпек болған көлік суға кетті.  Жүргізуші Зайсанға дейінгі жаман жолдан қашам деп, басын қатерге тіккен.  4 адам аман қалып,бір адам көз жұмған еді.  Осындай оқиғалардың  ары-бері ағылған жұртты алаңдатары сөзсіз. 

Сондықтан қолжетімді билет құнымен әуе бағытын  сақтап қалудың маңызы зор дейді олар.Алайда қазір Зайсан әуежайының жағдайы мәз емес. Ұшу –қону жолағы қысқа. Ғимарат ескірген. Жолаушыларды күту орындары тар.Ана мен бала бөлмесі деген атымен жоқ. 

Ермек Тұрсынов, Зайсан әуежайының басшысы:

- Сексен төртінші жылы, соңғы рет 1984 жылы күрделі жөндеу өткен.Одан бері ағымдағы ремонттармен ғана тұрған.Қазір маңызы өте зор,ауада қажет десе де болады,құрылыс,күрделі жөндеу жұмыстары өте қажет болып тұр.

Зайсан туристік потенциалы жоғары аудан. Көлі де, шөлі де, ну орманы да бар. Ал әуежай өлке туралы ең бірінші әсер қалдыратын нысан. 

Аэлита Ахметсәлімқызы, облыстық маслихат депутаты:

- Біздің әуежай өте келбетті болуы керек,әдемі болуы керек,жарқырапы тұруы керек. Басқа жақтан келген қонақтарымыз Зайсанда қандай әуежай бар, шығыс Қазақстанда қандай әдемі жер бар деп айту керек.

Биыл Өскемен Зайсан тасымалы үшін 175 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Билет құны 10 мың теңге. Бұрын аптасына екі-ақ рет қатынайтын ұшақ қазір 4 рет ұшып жүр.Енді әуежайды қайта жаңғырту бойынша басты құжат та рәсімделіп жатыр екен. 

Нұржан Жұмаділов, ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Жобалық сметалық құжат жасауға   облыс әкімі тапсырмасымен 38 миллион теңге қаржы бөлінген,оның конкурстық процесі өтті,жобалық сметалық құжат дайын болғаннан кейін,осы аэропорттың жұмысы қайта жаңғыртуға тұратын болады.

Әуежай 2025 жылы жөнделіп бітуі керек. Ұшу жолағы 1500 метрден 2100 метрге ұзарады. Демек, 80 адамдық ұлкен ұшақтарды да қабылдай алады. Ендеше болашақта Алматы, Астана қаласына рейс ашылуы да әбден мүмкін.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов