Мерекенің құны қанша?

 Жаңа жыл жақындаған сайын жылдағы дәстүр бойынша қарбаластың да қарқыны үдей түседі. Мереке алдында атқарар шаруа көбейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақындарыңызға сыйлық, балалардың шыршасы, әріптестермен отырыс, оған қоса жаңажылдық дастарханның мәзірін мінсіз ету керек. Алайда, бұның барлығынан биыл қалтаға түсер салмақ жеңіл емес.

Иә, расында да елде бір жыл ішінде азық-түлік өнімдері 23 процентке қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қант бағасы 72,9 процентке өсті. Күріш 30,7 ал бидай ұны 26,5%-ке, пияз 24,6%-ке  өсіпті. Тістеп тұрған баға мерекелік кештердің құнына да әсер етпей қоймайды. Бұған логистика мен декордың бағасын қоссаңыз, ресторандағы жаңа жылдық кештің құны шығады. 

Раушан Юсупова, мейрамхана менеджері:

- Биыл бір адамға арналған банкет 20 мыңнан басталып, 30 мыңға дейін барады. Ас мәзірді де өзгертіп жатырмыз. Әрине әр адамның таңдауы бар. Кей мейоамханаларда 50-100 мыңға дейін барады.

Жаңа жылда балалардың да ғажайып ертеңгілік күтетіні анық. Онсыз бүлдіршін үшін мерекенің ажары жоқ. Ал, билетінің құны бір балаға - 10 мың теңге. Әр жанұяда  екі-үш баладан болса, отбасылық бюджетке қандай салмақ түсетінін есептей беріңіз.

Қымбат Рахым, мерекелік кеш ұйымдастырушысы:

- Бағаның шарықтауы  офисті жалдаумен де байланысты. Оған биші мен әншінің және жүргізушінің де  жалақысы да кіреді. Инфлияция салдарынан барлығы қымбат. Жыл сайын жаңа костюмдер тігеміз. Оған арналған арнайы әшекей бұйымдарда қазір қымбат. Әрине адамның еңбегінде тиісінше бағалауымыз қажет.

Ал, жаңа жылдық мерекеден кейін қазақстандықтар 2-3 күн демалатыны анық. Бос уақытта ермек қылатын театр, кинотеатр және концерттердің де құны 14 пайызға өскені белгілі. Осылайша мереке той-думан қуаныш сыйлағанымен, қалтаны да қағатыны көңілге кірбің түсірмей қоймайды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Руслан Әлиев