Барлық жақсы балаларға – Жаңа Әлеуметтік кодекс

Қаңтар айынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзарады.

Мұның шарапатын 500 мыңнан астам ана көреді. Ал Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 6 миллионнан астам балаға бастапқы капитал ретінде беріледі. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне енгендерге,,, жұмысынан айырылған кезде төленетін ақы орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін ұлғаяды. Ал жұмыс берушілер тарапынын қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі. Бүгін Үкімет отырысында жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы мақұлданды.

Әлеуметтік кодекс аясында отбасының цифрлық картасы енгізіледі. Балаларды әлеуметтік қорғау шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ауылда тұрып арнаулы әлеуметтік қызметке жүгінетіндерді барынша қолдау көзделіп отыр.

Қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Енді зейнетақы жүйесі. Еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70%-на дейін артады. Өз жинақтары есебінен зейнетақы қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер тарапынын қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады. 08.38

Кәріз тазарту нысандары жаңғыртылады

Үкіметте қаралған және бір мәселе – кәріз жүйесі. Елде кәріз тазарту нысандарының 60 пайыздан астамы әбден тозған. Әсіресе Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалықтағы жағдай нашар. Ірі қалаларда да бұл ахуал бас бармақпен бағалайтындай емес. Үлкен шаһарларда кәріз жүйелері өткен ғасырдың 50-70-жылдарында салынған. Қалдық судың көлемі жыл сайын көбейіп барады. Резервуарлар шамадан тыс толып кетіп, содан лас суды өзен-көлдерге ағызуға тура келеді. Енді 2028 жылға дейін ірілі-ұсақты 68 шаһарда кәріз-тазарту нысанын салу не жөндеу көзделіп отыр. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Бұл мәселенің маңызы өте зор. Халықтың қалыпты тұрмысына ғана емес, экологияға әсері де аса маңызды. Әрбір жобаны іске асыруды қатаң бақылауда ұстау қажет.

Қ. Өскенбаев: көлік бәріне жетеді

Үкіметте жеңілдетілген автонесие бағдарламасы да айтылды. Дәлізде министр көлік бәріне жететінін атап өтті. Бір анығы мұндай ірі көлемді автонесие беру науқаны енді болмайды. Өйткені мемлекет жеткілікті көлемде қаражат бөлген. Келесі жылы 120 мың көлік шығарамыз деген министр "темір тұлпар табылмай қалады деп қам жеудің қажеті жоқ, көлік бәріне кезекпен беріледі" деді.

Қорған Қонысбайұлы