Екібастұз тұрғындарына берілетін өтемақы мөлшері анықталды

Екібастұзда 30 көп қабатты үйдің жылу параметрлері талапқа сай емес.

Сондықтан тұрғындарға төленетін өтемақы көлемі анықталды. Ол үшін жауапты мекемелер 240 млн теңге бөледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтылды. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын қаланың жылу электр орталығында апат болып, қаланың жартысы жылусыз қалған еді.

Бүгінгі таңда Екібастұздағы тұрғын үйлер  мен әлеуметтік нысандар жылумен қамтылды.  Бірақ  мәселе жүз пайыз шешімін тапты деуге  ерте. Кеншілер қаласындағы 30 көпқабатты  үйде температуралық көрсеткіш  талапқа сай емес.  Бұған  жылу бекетіндегі қазандық қондырғыларының  күнара  істен шығуы себеп болып отыр. Сыртқы температураға байланысты 5-6 қазандық жұмыс істеуі керек еді. Қазір станцияда  тек  4 қазандық іске қосулы.

Бағдат Орал, "ОАЭК" АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл негізгі мәселе ремонттық жұмыстар. Біз ремонттық жұмыстарды өздеріңіз білесіздер күзде және жазда жасаймыз. Қазір осы қыстың маңайында да ремонттық жұмыстарды ертерек бастауға кірістік. Сол ремонттық жұмыстарға  байланысты қазір кішкене қазандықтар жетіспей тұр. Бірақ бүгінгі күннің шамасында 6 қазандық жұмыста болады.

Кеншілер қаласындағы коммуналдық апат ұзақ жылдар бойы  шешімін таппай келген    күрделі  мәселелерді анықтады.  Тұрғын үй қорындағы  үйлердің бір бөлігі  жылдар  бойы жылуға жарымай келген.  

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

- Бізде отызға жуық көпқабатты үйлер тиісті параметрлерді ала алмай отыр. Ол отыз үйдің көбісі осы апатқа дейін де проблемалық үйлердің бірі болған үйлердің қатарында. Тиісті параметрлердің жетпеуінен зардап шегіп отырған мына Көшербаев 54А, 56А,58 үйлерде біз жеке трасса салу бойынша жұмысты бастадық. Осы жақын бір аптаның ішінде жаңа трассаны мына жаңа ТМ - 7 магистралінен тікелей қосып, осы он жылдық мәселені шешеміз деп жоспарлап отырмыз.  

Екі аптаға жуық жылусыз қалған көпқабатты үй тұрғындары  бүлінген дүние-мүлігінің де  шығынын өтеп беруді  талап етуде.   Бүгінгі күні жөндеуді қажет ететін 424 пәтер анықталды.  Олардың ішінен ең көп залал келген  52 баспанада күрделі  жөндеу жүріп жатыр.  Қалғаны орташа жөндеуден өтеді. Қалпына келтіру жұмыстарымен 34 бригада айналысуда.  Бизнес субектілері де назардан тыс қалмайды. 

Бағдат Орал, "ОАЭК" АҚ Басқарма төрағасы:

- Электр энергиясы жағынан біз қазір кіші немесе орташа бизнес субъектілерінің өтініштерін қабылдап жатырмыз. Оларды бөлек комиссиямен қарастыратын боламыз. Өйткені оның себептерін анықтау керек. Ол мысалы келе жатқан жылу желілерінде проблема ма?,  болмаса ішкі системаларында проблема бар ма? Соның бәрін қарастырамыз. Комиссиямен шешім қабылдайтын боламыз. 

Коммуналдық апатқа байланысты  тұрғындарға өтемақы төленетін болды. Ол үшін ай сайын  электр қуатын тұтыну көлемі негізге алынған. Екібастұздықтар бір айда  220 миллион теңге шамасында электр энергиясын тұтынады екен. Сондықтан «Екібастұзэнергоға» 240 миллион теңге аудару туралы шешім қабылданды. Ол осы жақын күндері тұрғындардың жеке есеп –шотына түседі. 

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат

Сондай-ақ...