Елімізде борышкерлердің қарызын қайта құрылымдау бағдарламасы іске қосылды

Елімізде коллекторлық агенттіктер борышкерлердің қарызын қайта құрылымдау бағдарламасын іске қосты.

Бүгінде азаматтардың өтелмеген қарызы 13 трлн теңгеден асады. Жыл басынан бері берешегін төлемей жүргендердің саны 25%-ке өскен. 

Берешекке белшеден батқан азаматтардың қарызын қайта құрылымдау бағдарламасы іске қосылмақ. Енді Қазақстан коллекторлары қауымдастығына кіретін агенттіктер әр борышкердің мәселесін жеке қарайды. 

Дмитрий Акмаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз өкілі:

- Қайта құрылымдау жеке шарт бойынша жүзеге асырылады. Яғни әрбір қарыз алушы мен тараптардың келісімі бойынша қарастырылады. Бұл рәсім өзара тиімді, өйткені ол қарыз алушыға өз міндеттемелерін қандай да бір жақсарту шарттарында орындауға және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Қайта құрылымдау рәсімі ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына жеңілдік жасауға мүмкіндік береді. Егер азаматтар өтініш берсе, онда ірі коллекторлық ұйымдар өсімпұлды алып тастай алады.

Назгүл Естеусізова, Қазақстан ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы:

- Қайта құрылымдау берешекті, өсімпұлды кейінге қалдыруды, бөліп төлеуді немесе ішінара өтеуді білдіреді деген сөз. Жалпы коллекторлардың мақсаты  істі сотқа сотқа дейін реттеу. Олармен келісу әлдеқайда тиімді. Ал сот болса, міндетті түрде борышкер мемлекеттік бажды өтейді.

Алайда Банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы борыштық жүктеме коэффициенті белгілі шектен асса,қайта несие алуға мүмкіндік жоқ.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Жаңа өтінімдерді қарастыру үшін нақты көзделген жерде пруденциалдық нормативтерді сақтау міндетті. Сонымен қатар, борыштық жүктеме коэффициенті шекті мәннен асып кетсе, онда мұндай қарыз алушылардан банктер мен микроқаржы ұйымдары бас тартуы тиіс.

450 мыңға жуық қазақстандықдардың ісі коллекторлық агенттікте қаралып жатыр. Олар берешекті 3 ай кешіктірген.

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркелген 300-ден астам коллекторлық агенттік бар.