loader


Атырау облысында шағын және орта бизнес нысандары жұмысын жандандыра бастады

Атырау облысында шағын және орта бизнес нысандары мемлекеттен жеңілдетілген несие алып жұмысын жандандыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар асыл тұқымды мал фермаларын құруды қолға алған. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде шағын өндіріс түрлері, сән салондары мен арзан азық-түлік дүкендері ашылды. 

Кәсіпкер Жанаргүл Мырзагелдиева саудаға осыдан 10 жыл бұрын келіпті. Бірақ айналымға салатын қаражаттың аздығынан кәсібін дөңгелетіп кете алмаған. Биыл мемлекеттің қолдауымен 3,5 млн теңге несие алып осы дүкенді іске қосып отыр.

Жанаргүл Мырзагелдиева, кәсіпкер:

- Мемлекеттің қолдауымен алған несиенің 6 процентін мен өзім төлеймін де, 13,5 процентін Үкімет төлейді. Жалпы өте тиімді алған несием. Қарамағамда 6 адам бар жұмыс істейтін. Әр жұма сайын қайырымдылық акциясы болады. Халық тегін нан алады, және арасында тегін тамақ таратып тұрамыз.

32 мыңға жуық тұрғыны бар Махамбет ауданында шағын және орта кәсіпкерлік орталықтары жыл санап көбейіп келеді. Халықтың дені мал мен егін шаурашылығымен айналысады. Ал істің көзін тапқандар

көлік жөндеу орталығы, ұлттық қолөнер шеберханасы, кондитерлік тәттілер шығаратын цех ашып алған. 

 Қазір аудан аумағында 1737 шағын бизнес нысаны жұмыс істеп тұр.

Нариман Биғали, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары:

- 7 кәсіпкер 51,3 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Оның ішінде 4 кәсіпкер 11 млн теңге қайтарымсыз кредит алды. Соның арқасында ауданымызда қолөнер шеберханасы ашылды. Және де сән салондары ашылып жатыр. Халық жұмыспен қамтылып жатыр.

Биыл ауданда 50-ге тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Мемлекеттің қаржылай қолдауын сезінген кәсіп иелері тағы да жаңа жобалар ұсынуда. Оның ішінде аудан үшін жаңа сала: малдың жүнін өңдейтін цех, алма, лимон шырынын шығаратын кәсіпорын бар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Сондай-ақ...