Қазақстан Түркиядан бронды көліктер сатып алып жатыр

Қазақстан шекарасын дәл қазір Израиль, Қытай сынды мемлекеттерде шығарылған пилотсыз ұшақтар қорғап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бұл қатарға әскери қақтығыста тиімді қолданылған Түркияның дрондары қосылуы мүмкін. Жауаптылар бауырлас елмен бірігіп, пилотсыз басқарылатын аппараттарды елде өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Одан бөлек, Қазақстан Түркиядан бронды көліктер сатып алып жатыр. Осындайда неге дәл осы мемлекеттің қаруына құда түсуге құмарланып кеттік деген де сұрақ туындайды. Бұл сауалға ведомства өкілдері: «тек әскери қақтығыста тиімді қызмет ететін сенімді қаруларды алып жатырмыз», - деп жауап қатты.

Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Біз Қарулы күштердің белгілі бір құрылымдық бөлімшелеріне қажетті өнімдерге тапсырыс береміз. Кез келген әскери техника арнайы тапсырмаларды орындау үшін алынады. Тиісінше, сол тапсырманы мүлтіксіз орындай алатын техникаларды алып жатырмыз. Олар өзінің тиімділігін іс-жүзінде көрсеткен техникалар.