Қарағанды облысы теміржолындағы төтенше жағдай тексеріліп жатыр

«Қарабас станциясында болған төтенше жағдайдың себеп-салдарын арнайы құрылған комиссия анықтауға кірісті. Нақты қорытындысын айтуға әлі ерте», - дейді сарапшылар.

Еске салсақ, күні кеше 19 вагон рельстен шығып кетті . Қазір жол қатынасын қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Мына 19 вагонда шамамен мың тоннадан астам бидай болған. Солтүстік Қазақстан облысының Жаңа Есіл станциясынан тиелген тауар Өзбекстанға жеткізілуі керек еді. Алайда орта жолда апатқа ұшырады. Қазір теміржол мамандары далаға шашылған бидайды жинап, қаптап жатыр. Сондай-ақ қираған вагондарды қалпына келтіру жұмыстары басталған.

Марат Шакенов, ҚТЖ Ұлттық компаниясының қауіпсіздік департаментінің директоры:

- Жолды тез ашу керек болды. Біз жолды тез ашып, поездарды жіберіп жатырмыз. Қазір енді мына станцияның жағдайын вагонды аса қиратпай, дұрыстап орындарына қойып, енді мына вагонның өзінің собственниктері көп шығынға кірмеу үшін вагондардың бұзылған жағдайларын түзетіп, жасап беруге тырысып жатырмыз.

Апатқа ұшыраған вагондар жеке компанияға тиесілі. Барлығы да жаңа, 2019-2021 жылдары жасалған. Бірақ соған қарамастан теміржол мамандары вагондардың доңғалағының айналмай қалуы апатқа себеп болды деп күні кеше алдын ала болжам жасаған болатын. Ал сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Шешім шығаруға әлі ерте, - деп отыр. 

Еркін Оспанханов, сарапшы:

- Комиссиямен жолдар өлшену керек. Одан кейін вагондардың детальдары өлшену керек. Сондай-ақ локомативтің машинистерінің жасаған тиісті шараларын қарастырып шығу керек. Бүкіл құжаттардың барлығы дайындалғаннан кейін, бұл комиссия заң талаптарына сәйкес жоғарғы комиссияға береді. Жоғарғы комиссия нақтысын сол жиналған құжаттар бойынша кімнің кінәлі екенін, кімнің кінәлі емес екенін анықтауы тиіс.

Еске салсақ, осыдан тура бір ай бұрын дәл осы Қарабас станциясында тағы 14 вагон рельстен шығып кеткен еді. Ал жыл басынан бері Қазақстан теміржолында 7 ірі апат болған.