Қазақстанда жұмыс орындарында 150-ден астам адам қаза тауып, мыңнан астамы жарақат алды

Жыл басынан бері Қазақстанда жұмыс орындарында 150-ден астам адам қаза тауып, мыңнан астамы жарақат алды.

Мамандардың айтуынша, жазатайым оқиғалардың ең негізгі себебі – қызметкердің абайсыздығы, өндірісті нашар ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өндірістік жарақат алған жағдайда не істеу керек?

Ми шайқалуы, кеуде қуысының зақымдануы, қабырға сыну. Мұның бәрі Бекайдар Ілиясовтың жұмыс орнында алған жарақаттары. Ол көгалдандыру жұмысымен айналысатын оның ішінде газондарды шығаратын кәсіпорында жұмыс істеген. Арнайы құрылғы арқылы материалдарды кесумен айналысқан. Жұмыс станогының ақауы барын басшылыққа бір емес бірнеше мәрте ескерттім,- дейді. Бірақ салғырттық салдарынан кәсіпорында апат болып жұмысшы ауыр жарақат алыпты.

Бекайдар Ілиясов, қала тұрғыны:

- Ол күні әдеттегідей жұмысқа келдім. Жұмыс машинасын қосып іске кіріскенімде апат болды. Көз алдым тұманданып кеткенін білем. Барлығы әп сәтте орын алды. Мені ауруханаға жеткізді дәрігерлер барлық ем-дом шараларын жасады. Бірақ толық айығып кетуім үшін моральдық өтемақы талап етіп жұмыс берушіні сотқа бердім.

Жапа шеккен азамат 10 млн теңге өтемақы талап етіпті. Бірақ сот 500 мың төлеуге шешім шығарған. Бекайдар Ілиясовтың айтуынша, Еңбек кодексін бұзғаны үшін кәсіпорынға айыппұл салынбаған. Тіпті компания алты айдан кейін жабылып қалыпты. Бірақ еңбек инспекциясы кәсіпорын жұмысын тоқтатқаннан кейін де залалды өндіріп алуға болатындығын айтады.

Абай Еркінов, қалалық Орта сапасын бақылау басқармасының бас маманы:

- Жазатайым оқиға болған кезде жұмыс беруші бір тәулік ішінде еңбек инспекциясына хабарлауға міндетті. Ал егер кәсіпорын жабылған жағдайда ҚР Азаматтық кодексіне сүйеніп әрекет етуге болады. Ол бойынша жұмыс беруші кәсіпорын жәбірленушіге келтірілген залалды толық өтеуге тиіс. Ал егер шығынды төлеуге мүмкіндік болмаған жағдайда, мемлекет қаражаты есебінен жүргізілуі керек. Бұл заңда нақты көрсетілген.

Сарапшылар өндірістік жарақат алған қызметкерлерге мүмкіндігінше тезірек еңбек департаментінен көмек сұрауға кеңес береді. Бұл даулы жағдайларды шешумен және жұмысшылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын басқарма. Ал егер азамат кәсіпорынға ресми түрде орналаспаған болса, жұмыс берушіні жауапкершілікке тарту қиын болады. Бірақ мұндай жағдайларда да сарапшылар сот арқылы әділеттікке қол жеткізуге болатынын айтады.

Ғалия Исаева, заңгер:

- Өндіруші кәсіпорындар әр жұмысшысын сақтандыруы керек. Қызметкер еңбек шартын жасаспай жұмысқа кіріссе де ол жұмыс берушінің жауапкершілігінде болады. Сондықтан сақтандыру туралы Заң екі арада келісім-шарт болмағанына қарамастан зардап шеккен адамның құқығын қорғайды.

Жыл басынан бері елімізде өндірістік апаттан 150-ден астам адам қаза тауып, мыңнан астамы жарақат алған. Оның ішінде тау-кен металлургия кешені мен құрылыста ең көп адам зардап шеккен. Еңбек министрлігінің мәліметінше, қауіпсіз жағдайды жасамағаны үшін 100-ден астам басшы қызметінен босатылған

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Диас Қобланбаев