Дәрігерлер алкогольдік ішімдік ішуден абай болуға шақырады

Дәрігерлер алдағы мереке кезінде тұрғындарды алкогольдік ішімдік ішуден абай болуға шақырады. Өйткені ішімдікті көп қолдану уланудың ауыр түріне соқтыруы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар бағасы қымбат деген арақ-шараптың өзі де адам ағзасын бұзатынын айтады. 

Алматы қаласындағы Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру  бөлімшесі әдеттегі ауруханадан өзгеше. Мұнда әр есікте темір тор тұр. Қауіпсіздік қызметі де ерекше күшейтілген. Өйткені ішімдіктен психикалық түрлі ауытқуларға ұшыраған науқастардың мінез құлықтары да құбылмалы келеді. Әрі қауіпті.

Гүлмира  Әбдібаева, қалалық Психикалық сауықтыру орталығы директорының орынбасары:

- Бұл жерде науқастар 3 сағаттан 24 сағақа дейін жатқызылады. Бұл жерде әкімшілік тәртіпті бұзғандар немесе отбасында шу шығарып төбелес шығарғандар немесе қандай да бір полиция қызметкерлерінің назарына түскен азаматтар алып келінеді.

Дәрігерлердің айтуынша Психикалық сауықтыру орталығы жанындағы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру  бөлімшесіне әдеттегі күндері ішімдікке әуестенген 10-15 адам жеткізіледі. Ал мейрам күндері олардың саны 2-3 есеге дейін артады. Мамандар: «Халық арасында қымбат ішімдік ағзаны уламайды»,-деген қате пікір барын айтады. Бірақ  барлық ішімдіктің  зияны  бірдей.

Гүлмира Әбдібаева, қалалық Психикалық сауықтыру орталығы директорының орынбасары:

- Халықтың арасында жалған түсінік бар. Егер қымбат алкогольдік ішімдік ішетін болса оған оған ешнәрсе болмайды деген оның бәрі қате түсінік. Мейлі ол қымбат алкогольді ішімдік болсын мейлі ол арзан болсын ол организмге тигізетін әсері өте зор. Көбі ойлайды 300 мл ішсем былай болады, 1 литр  ішсем былай болады деп. Тағы айтамын бұл дұрыс емес түсінік себебі әркімнің организмі индивидуальный жекеше. 

Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру  бөлімшесінде емделіп жатқан мына азамат  өзін көрсетуден бас тартты. Оның бұл орталыққа келгеніне екі апта болыпты. Науқас бұған дейін жарнама агенттігінде қызмет еткенін айтады. Бірақ оның ішімдікке деген әуестігіне білімі де біліктілігі де тұсау бола алмапты.

Науқас:

- Жұмыстан үйге қайтып бара жатып қымбат сапалы деген  ішімдікті сатып алдым. Бірақ уланып осы жерге түстім. Менің түсінгенім алкогольдік ішімдіктің бағасы  маңызды емес екен. Қандай болмасын адамға тизігетін зияны бар. Әрине бұл  маған сабақ болды. Ішімдікке әуестенбеген дұрыс.

Дәрігерлер алдағы мереке кезінде тұрғындарды алкогольдік ішімдік ішуден абай болуға шақырады. Мас болу мен улану екі түрлі ұғым болғанымен адам ағзасы бәрібір нейротоксикологиялық шок алады. Егер пациент ішімдікке уланып қалса оларды бірден токсикология бөлімі бар ауруханаларға ауыстырады. Авторлары: Ғайни Дәулетбаққызы, Григорий Беденко, Сержан Жұмабаев