Оңтүстіктегі отбасылар квотамен Ұлытауға қоныс аударды

Елге ел қосылса – құт.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында оңтүстіктегі ағайындар ұлт ұясы Ұлытауға көшіп келіп жатыр. Биылдыққа ауданда 53 млн теңге бөлініп, 24 отбасыға өңірлік квота берілген. Қазірдің өзінде 10 отбасы қоныс тойын өткеріп, еңбекпен қамтылды.

Ерлі-зайыпты Жансерік пен Айнұр оңтүстіктен-солтүстікке ішкі көші-қон жобасы бойынша Ұлытау ауданына қоныс аударған ағайынның алдыңғы легімен келген. Екеуі де жоғары білікті дәрігер. Әсем Алматыны арқа даласына айырбастаған жұп «таңдауымызға еш өкінбейміз» дейді. Жобаның шарты бойынша тиісті қолдау шаралары толығымен орындалған.

Жансерік Жүнісбеков, Ұлытау ауданының тұрғыны:

- Үй берілді, 3 комнаталы үй. 75 шаршы метр. Одан кейін отбасымызға жәрдемақы берілді. Отбасының әр мүшесіне 70 МРП-дан. Аудандық ауруханаға жұмысқа орналастырып, сол жерде мен хирург-травматолог, жұбайым  терапевт-эндокринолог мамандығы бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. 

Айнұр Бекпейісова, Ұлытау ауданының тұрғыны:

- Бізге Ұлытау өте жақсы ұнады. Қыста кішкене суығы бар екен. Алматы қаласына қарағанда суық. Бірақ жазда өте керемет. Ауасы жақсы, таза. Таулы жер. Қазақтың кіндік жері ғой.

Биыл келген 10 отбасының төртеуі мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген. Сондықтан ауылдық жерге қоныстандырылды. Айта кету керек, ондай отбасыларға жер телімі конкурссыз беріледі.  Кіретін дайын үй болмаса, бір жылға пәтер жалдап береді. 

Айна Әбілова, Ұлытау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Дені келіп жатқан, мұғалімдер, дәрігерлер, әртүрлі жұмыскерлер. Арасында жұмыссыздар да бар. Олар  да жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып жатыр. Енді осы бағдарлама аясында келесі жылға да біз сұраныс беріп отырмыз.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімі жобаға қатысуға тілек білдірушілер көп дейді. Биылға 24 отбасыға квота бөлінген. Қазір өтініштер сұрыпталып жатыр. Әрине таңдау барысында көпбалалы отбасыға және дәрігер, мұғалім секілді өңірде тапшы мамандық иелеріне басымдық беріледі.

Елдос Кәкенов, Таңат Ысқақ