loader


Өскеменде ана мен бала орталығының емделушілері жаңа жыл қарсаңында тосынсыйға кенелді

Оларға жергілікті хоккейшілер ойыншықтар мен тәттілер үлестіріп, ерекше көңіл-күй сыйлады. Игі шарадан жанкүйерлер де қалыс қалмай, өз үлестерін қосып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті хоккей командасының желтоқсан айындағы барлық ойыны дәстүрлі шарамен айшықталып жатыр. Яғни, матч соңында жанкүйерлер алаңға жұмсақ ойыншықтар лақтырып, спортшыларға қошемет көрсетті. Ал хоккейшілер ол ойыншықтарды жинап, тәттілермен бірге ана мен бала орталығына сыйлауды ұйғарыпты.

Екатерина Михаилова бір жасар сәбиімен бірге жаңа жылды емдеу орнында қарсы алатын болды. Туыстары шалғайдағы елдімекенде. Сағыныштан жабырқап жүрген кейіпкеріміз үшін мерекелік акция жарқын сәт болды. Тіпті қуаныштан көзіне еріксіз жас алды.

Екатерина Михайлова, емделуші:

- Өте қуаныштымын. Тосынсый күтпеген едім. Мен баламның қасындамын. Мұнда ата-анасы жоқ балалар да бар. Олар осындай мейірімге мұқтаж.

Жүздері балбұл жанған бүлдіршіндер сыйлықтарды асыға ашып жатыр. Дәрігерлер балалардың көңіл-күйі көтеріңкі болуы олардың тезірек оңалуына әсер ететінін айтады.

Ержан Сұлтанбеков, Ана мен бала орталығының бөлім меңгерушісі:

- Балалар осында ем алып жатады. Оларға жалғыз медициналық қызметтің көмегі емес, оларға тағы да материалдық, психологиялық көмек керек. Әр балаға сыйлық бергендеріңіз өте жақсы.

Дмитрий Быков, хоккейші:

- Бүгін ерекше сәтке куә болдым. Емделушілер жаңа жыл мерекесін сезіне алды деп ойлаймын. Олардың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Әсіресе, балалар шаттанып қалды. Біздің мақсатымыз да осы еді.

Спортшылар мен жанкүйерлер мейірім марафонын одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр.

Автоорлары: Еркебұлан Смадияров, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ...