Ұлытау облысында 14 азаматша мамандық иесі атанды

Ұлытау облысында ұзақ жылдар бойы бала күтіміне байланысты үйде отырған 14 азаматша небәрі бір айдың ішінде кешенді оқыту нәтижесінде мамандық иесі атанды.

«Тігін ісі», «кондитер» және әлеуметтік желілерде маркетинг мамандықтарын игерген көпбалалы аналарға арнайы сертификаттар табысталды. Енді олар үйден ұзап шықпай-ақ кәсібін дөңгелетіп, отбасы табысын арттыруға мүмкіндік алды.

Бір баласы ерекше күтімді қажет ететін көпбалалы ана Толқын Балқыбаева «маркетинг» мамандығын игеріп шықты. Ол жуырда білімін растайтын арнайы сертификатқа ие болды. "Енді үйімде жүріп-ақ, қашықтан жұмыс жасайтын боламын"- дейді Толқын. 

Толқын Балқыбаева, көпбалалы ана:

- Біраз психологиялық демеулер алып, осындай іс бастағалы отырмыз. Оқыған мамандығым «СММ маркетинг». Заманауи мамандық деп таңдадым. Алдағы уақытта осы алған білімімізбен отбасымыздың табысына табыс қосып, жақсы жетістіктерге жетеміз деген ойдамыз.

Жоба бала күтімімен үйден ұзап шыға алмайтын аналарға арналған. Мақсат-оларды тегін оқытумен шектелмейді. Қатысушылардың барлығы 150 АЕК көлемінде қайтарымсыз сомаға мамандығына қарай жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Орынкүл Сәдуақасова,  жоба тәлімгері:

- Егер олар «кондитер» мамандығын аяқтап шыққан болса, онда ол азаматшаға пеш сатып алып береміз. Құны 150 АЕК тен аспайтын сомаға, яғни 450 мың теңгенің көлемінде. Бұл көмек қайтарымсыз түрде беріледі. Кез келген істі бастағанда оны қалай кеңейтуге болады, жұмысшыларды қабылдау шарттары қандай дегендей түрлі сұрақтар туындайды. Сондықтан жоба қатысушыларына 17 айға дейін құқықтық кеңестер беріп отырамыз.

Әлеуметтік жоба қаңтарда қайта жалғасады. Қатысуға тілек білдірген аналардың қатары мол. Екінші кезеңде 30-ға тарта азаматшаны қайта даярлау курсымен қамту жоспарда. Е.Кәкенов, Н.Үздікбаев Хабар 24. Ұлытау облысы.