loader


Жетісу облысын дамытудағы басым бағыттар қандай?

Жетісу облысы қайта құрылғанда тұрғындардың көңілінде алаң болған еді. Өйткені бюджеттің басым бөлігін беріп отырған Іле, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары Алматы облысының аумағында қалып қойды. Ал Жетісуға өндіріс ошақтары аз, тіпті бірде бір зауыт фабрикасы жоқ дотациялық аудандар өтті.

Енді қайтпек керек? Мұндай жағдайда, әрине, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамытуға, өңірге инвестиция тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Жаңадан құрылған Жетісу облысында бұл жұмыстар қалай жүзеге асады?

Шыбық шаншысаң, жайқалып өсіп, тал болған Жетісу жерінде айрықша басымдық берілген бағыттың бірі - ол, әрине, ауыл шаруашылығы. Бір кездері қант қызылшасын өсірумен атағы алысқа кеткен бұл өңірде соңғы жылдары тәтті түбір алқаптарының аумағы 2-3 есеге дейін күрт кеміді. Елімізде 4 қант зауыты болса, соның екеуі Жетісу облысында орналасқан. 

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

-Ақсу мен Көксу қант зауыты екеуі қосылған кезде келесі жылы 90-100 мыңның ортасында өндіретін болсақ, ал енді екі жылдан кейін біз 180 мың, 200 мың тоннаны өндіруге біздің толықтай мүмкіндігіміз бар. 

Қазақстанның қантқа деген жылдық сұранысы 550 мың тонна. Жетісу өңіріндегі қант зауыттары қызылша мен қант құрағын өңдеу арқылы 70 мың тонна қант өндірді. 2025 жылға дейін қызылша алқаптарының көлемін 16 мың гектарға дейін жеткізу жоспары тұр.  Жетісу облысында төрт түліктің саны 2,5 миллионға жетті. Құс саны да осындай. Алдағы екі жылда облыста құс етін өндіретін тағы екі зауыт салынып, іске қосылады. Өңірді дамыту үшін тағы қандай шаралардың қолға алынғаны дұрыс?

- Ауыл шаруашылығын дамыту керек. Көрдіңіз бе қант жоқ болды. Өзімізде қант шығады, бірақ қант жоқ халықта. Қымбаттап, 900-1000 теңгеге дейін барды.

- Президентіміз айтып жатыр ғой «ауылды көтеремін» деп. Өте керемет бағдарлама. Вот, сол ауылдарды көтеру керек.

- Енді, әрине, кәсіпорындарды көбейтсе. Ауыл шаруашылығын дамытса. Туризм дамып келе жатыр құдайға шүкір енді.

Текеліде темірді тікелей қалпына келтіретін , ал Үштөбеде жоғары сапалы кремний өндіретін  зауыттар іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «Қазақстан – Қытай халықаралық өндірістік қаласы» салына бастайды. Технопарктің инвестициялық құны 1 триллион теңге. Кербұлақ ауданындағы Көксай тау-кен байыту комбинатына 700 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылады. Онда 40 миллион тонна мыс қоры бар екені анықталды. Жоба ойдағыдай жүзеге асса, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар «Достық-Мойынты» желісінің екінші темір жолы құрылысы кезінде 1600 адам жұмысқа тартылады.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Туризм біздің аймақтың, өңірдің приоритетті басым бағыттарының бірі. Екіге бөліп қарауымыз керек. Біріншісі, бұл Балқаш-Алакөл бассейніндегі туризмді дамыту. Үшаралдағы аэропорттың жұмысын бітірдік. Аэропорт туристерді қабылдайды, онымен бірге үлкен транспорттық ұшақтарды да қабылдай алады. Екіншіден, жолдың асфальтный покрытиесін бітірдік. Көлбайдағы бір ғана көпір қалды.

«Алматы – Өскемен» тас жолының құрылысы аяқталған соң демалушылар Алатау баурайындағы алып шаһардан Алакөлге дейін тақтайдай тегіс жолмен 4-5 сағатта жетіп баратын болады. Алакөлдің Жетісу облысындағы бөлігінде 1,5 миллионнан астам адам демалды. Балқаш жағалауын дамытудың бас жоспары жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина

Сондай-ақ...