Ұлытау облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді

2022 жыл Ұлытау-Жезқазған аймағының жұрты үшін ерекше есте қалды.

Президент пәрменімен 25 жылдан соң аймақ қайтадан облыс мәртебесін алды. Жеке шаңырақ көтерген өңірдің алдағы 5 жылдыққа арналған даму жоспары да бекітілді. Құжатта әсіресе өңірде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және тұрғын үй құрылысы салаларына басымдық берілген. Себебі, соңғы ширек ғасыр аймақта тұрғын үй құрылысы толықтай тұралап қалған еді.

Юля Грибанова балалар үйінің түлегі. 12 жыл баспана кезегін күткен азаматшаның  тілегі 2022 жылы орындалды. Қос баланың анасына Жезқазғандағы жаңадан бой көтерген шағын ауданнан 3 бөлмелі пәтер бұйырды. 

Юля Грибанова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- 2022 жылы 3 бөлмелі пәтер алдық. Өте ұнап жатыр, үйіміз жылы. Әппақ, әйтеуір ремонт, ештеңе керек жоқ. Бәрі дайын.

90 пәтерлік бұл үйдің кілттері ұзақ жылдар баспана кезегін баққан азаматтарға үлестірілген. Қуанышқа бөленген жандардың басым бөлігі мүгедектер, жалғызбасты аналар мен балалар үйінің түлектері. Жалпы Жезқазған қаласы бойынша 2022 жылы жалдамалы және несиелік 7,5 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Дегенмен, облыс орталығында пәтер кезегін күткен әлі 3200 отбасы бар. 

Мәруа Келмағанбетова, Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- 2023 жылы 90 пәтерлі тұрғын үйлер құрылысы аяқталады. Ол үйлердің құрылысы осы жылы батсалған болатын. Оның ішінде 60 пәтер жалдамалы тұрғын үй. Ол да кезекте тұрған әлеуметтік жағынан қорғалатын отбасыларға беріледі.  Және 30 пәтерлі несиелік үйдің құрылысын ағымдағы жылдың 1-тоқсанында аяқтап, отбасы банк арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар алады.

Ұзақ жылғы үзілістен соң Жезқазғанда тұрғын үй құрылысы 2019 жылдан бастап қарқын ала бастады. Қаланың батыс бөлігінен жаңадан шағын аудан бой көтеріп келеді. Жақында қабылданған өңірді дамыту жоспары аясында дәл осы ықшамауданда алдағы 2 жыл ішінде 20 көпқабатты үй салынады.

Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев